Ұлдана Мырзуанның ісі: ОСИ төрағасы сот алдында жауап беріп жатыр | 18.08.2026

ҰЛДАНА МЫРЗУАН ІСІ
Бүгін Астанада жұмыс бабында мерт болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Үйді салған мердігер компания басшысы өмірде жоқ. Ал ғимараттың қасбетін күтіп ұстауға тиісті мүлік иелері бірлестігінің төрағасы не дейді? Қайғылы жағдайға басты себепші кім?

БЕЙПІЛ СӨЗ
Астанада такси жүргізетін әйелді балағаттап, қорқытқан ер адам жауапқа тартылды. Жолаушы сапар аяқталғаннан кейін жүргізушіге бейпіл сөйлеп, көліктен шықпай қойған. Осы бұзақылығы үшін сот оны кінәлі деп танып, он туәлікке қамау туралы үкім кесті.

ӨМІР КАПСУЛАСЫ
Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары шахта опырылған жағдайда кеншіні құтқаратын өмір капсуласын әзірледі. Отандық өнертабыс 20 адамға шақталған. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын алып құтыда 36 сағат бойы өмір сүруге болады.

ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ
Елдегі мектептер 100 пайыз бейнебақылау камералары және дабыл түймесімен қамтамасыз етілді. Олардың 93 проценті орталық жедел басқару жүйесіне қосылған. Үкімет отырысында күн тәртібіне жаңа оқу жылына дайындық мәселесі шығарылды.

ЖАҢА ТУЫНДЫ
Түркістанда «10 Ғ» телесериалы түсіріліп жатыр. Телехикаяда мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігі баяндалып, оқу орнында кездесетін қызық оқиғалар мен қиындықтар суреттеледі. Сегіз бөлімнен тұратын туынды жаңа маусымда «Жетінші арна» көрерменіне ұсынылады.
———————————————