Астанадағы демалыс орындарының біріне барғаннан кейін зардап шеккен азаматтың отбасы көмек сұрайды. Бассейнге батқан 24 жастағы жігіттің жағдайы қиындап, операция жасалған. Оқиға шілдеде қала сыртындағы демалыс орындарының бірінде болған еді. Қазір мән-жайды полиция анықтап жатыр.
Айбек Өтепов қала сыртындағы кешенде демалып жүріп, ауыр жарақат алған. Қайғылы жағдайдан кейін омыртқасының мойын бөлігіне операция жасалды. Енді ұзақ уақыт бойы оңалтудан өтуі керек. «Бұл қомақты қаржыны талап етеді», — дейді анасы.
АЙКҮМІС ЕЛЕУСІЗОВА, НАУҚАСТЫҢ АНАСЫ:
— Реабилитациясына өте қомақты қаражат керек. Тым болмаса баламыз отырып, өзінің қолымен тамақ іше алатындай жағдайға жеткізіп берсе дейміз. Дәрігерлер реабилитацияның ұзаққа созылатынын айтты. Бүкіл аппаратын алуымыз керек. Ол өте қымбат.
Зардап шеккен азаматтың етжақындары осы шығындарды жабуға көмек сұрап отыр. Өйткені жігіттің ем-домы мен медициналық құрал-жабдыққа қомақты қаражат кеткен. Ал қала сыртындағы демалыс кешенінің басшылығы отбасына бар болғаны 500 мың теңге өтемақы төлеген. Содан кейін байланысқа шықпаған. Полиция тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оның ішінде бассейнді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты тұлғалардың жұмысты ұйымдастыруы тексерілуде. Қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалуда. Тергеу нәтижесі бойынша жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады».
Иә, оқиғаға кімнің кінәлі екенін тергеу анықтайды. «Дегенмен бассейн маңындағы қауіпсіздік мәселесіне аса мән беріледі», — дейді заңгерлер.
САИДА СҮЛЕЙМЕНОВА, ЗАҢ АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Ол моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Сонымен қатар оған үшінші тұлғаның күтімі қажет болса, оңалту, қалпына келу кезеңі, оның ішінде жұмысқа шыға алмаған уақыты үшін де кінәлі тұлғалардан өтемақы өндіруге құқығы бар. Ол үшін барлық қажет құжатты толық жинауы қажет.
Қазір Айбек Өтеповтың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Жарақат алғаннан кейін жас жігіт тұрақты медициналық көмекке мұқтаж болып қалған. Оттегі аппаратына қосылған, өздігінен тыныс ала алмайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.