Зейнеткерлерді интернет алаяқтардан қорғауға арналған WhatsApp топтар құрылды

Еліміздің солтүстігінде зейнеткерлердің киберқауіпсіздігі күшейтілді. Өңірде полиция департаменті өкілдерінің бастамасымен егде жастағы адамдар арасында интернет алаяқтықтың алдын алу үшін, арнайы «WhatsApp» топтар құрылды. Жауаптылардың сөзінше, оған мыңға тарта адам қосылған. Алайда оның жартысынан астамы шығып кеткен. Неге? Жалпы бұл топтардың пайдасы бар ма?
78 жастағы Галина Любовицкая – алаяқтардың арбауына түсіп қалған жандарың бірі. Кейуанаға белгісіз адамдар қоңырау шалып, өзін құқыққорғау органы қызметкері ретінде таныстырған. Осылайша басқа мемлекетке ақша аударғаны үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтып, тергеу мүддесіне 2 миллион теңге талап еткен. Зейнеткер жиған-тергенін такси арқылы жібереді. Тәртіп сақшыларының дер кезінде әрекет етуінің арқасында қаржы иесіне қайтарылды.

ГАЛИНА ЛЮБОВИЦКАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Өз қатарластарымды алаяқтардан аулақ болуға шақырамын. Менің жағдайымда тек полицияның көмегінің арқасында бәрі жақсы аяқталды. Біз зейнеткерлер, алаяқтықтың жаңа түрлері туралы күн сайын біліп отыруымыз керек. Сондықтан осындай чаттың құрылғаны жақсы болды.

Иә, алаяқтардың құрық бойламас қулығына шектеу болмай тұр. Олар уақыт өткен сайын айла-тәсілін де түрлендіріп отырады. Сондықтан полицейлер зейнеткерлердің киберқауіпсіздігін күшейту үшін арнайы чаттар құрды. Өйткені айлакерлердің құрығына іліккендердің әрбір төртіншісі – егде тартқан адамдар.

САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Жыл басынан бері өңірде 370-ке жуық адам алаяқтардан зардап шеккен. Ал оның 88-і – зейнеткер. Келтірілген шығын 800 миллион теңгеден асады. Күшейтелген жұмыстың арқасында қылмыс саны былтырғы жылмен салыстырғанда 14% азайған.

ӘЛНҰР АХМЕДИЯРОВ, КҚҚІҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Бес ай бойы талдау жүргіздік. Статистика бойынша алаяқтардың арбауына зейнеткерлердің де жиі түсетіні анықталды. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейтіп отырмыз. Дегенмен тұрғындар тарапынан әлі де сенімсіздік бар. Мәселен, чатқа қосылған кейбір жандар өздері топтан шығып кетіп жатады.

Мессенджерге пайдалы ақпарат және алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертулер жіберіледі. Ал күмәнді жағдайға тап болғандар, мамандардан кеңес алады. Сондай-ақ өңірде арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері сауда орындарында кезекшілік атқарып, банкомат арқылы жасалатын операцияларды бақылайды. Олар бүгінге дейін 66 миллион теңге шығынның алдын алған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал