Дәрігер даярлаудың жаңа тәртібі күшіне енді. Бұдан былай 6 жылдық оқуынан кейін түлектер 1 жыл интернатурадан өтіп, дәрігер болып жұмыс істей алады. Ал бейінді мамандықты таңдағандар резидентураға барады.
12 тамыздан бастап елімізде дәрігерлерді даярлаудың жаңа моделі енгізілді. Енді интернатура дәрігер даярлаудың толыққанды кезеңі саналады. Медициналық университетте 6 жыл білім алған түлек 1 жыл интернатурада практикалық дайындықтан өтеді. Оған «дәрігер-интерн» мәртебесі беріледі. Интернатураны сәтті аяқтап, кәсіби даярлығын растайтын бағалаудан өткен түлек алты базалық бағыт бойынша дәрігер болып жұмыс істей алады.
ҰЛМИРА ӘУЕСХАНҚЫЗЫ, ДСМ ҒАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Міндетті түрде арнайы кәсіби дайындықты анықтайтын бағалаудан өткен соң ғана рұқсат етіледі. Ол тәуелсіз центр арқылы жүзеге асырылады. Осыған сәйкес ол тәлімгермен бірге науқасты қарауға мүмкіндігі бар. Оған диагноз қоюға қатыса алады.
Интерн медициналық ұйымдағы жұмысқа тәлімгердің бақылауымен араласады. Бұдан бөлек, интерндер мен резиденттер үшін кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізіледі.
ИРИНА БУТУСОВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ:
— Интерн 5 жылдық тәжірибесі бар дәрігерге тәлімгерлікке бекітіледі. Интерн пациенттермен жұмыс істеу, коммуникативтік дағдылар, ұжымда жұмыс істеу және ақпараттық жүйелерді қолдану бойынша тәжірибе жинақтайды. Соның арқасында интернатурадан кейін жұмысқа бейімделуі жеңілдеп, практикалық дағдылары қалыптасады.
Ал тар бейінді маман болғысы келетіндер интернатурадан кейін резидентурада оқуын жалғастырады. Яғни түлектің таңдауы бар: интернатурадан кейін дәрігер болып жұмыс істеу немесе резидентура арқылы бейінді маман атану.
Жаңа модельдің негізгі мақсаты – әсіресе алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласын және ауылдық жерлерді жас мамандармен қамту. Яғни интерн енді тек оқып жүрген студент емес, медициналық ұйымның жұмыс процесіне қатысатын болашақ дәрігер ретінде қарастырылады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.