Жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласының басты бағыттары тағы бір мәрте талқыланды. Түркістанда дәстүрлі Тамыз кеңесі өтіп, өңір ұстаздары өткен оқу жылын қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындады. Биылғы басқосуда білім сапасы, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи технологияларды оқу процесіне енгізу мәселелеріне басымдық берілді.
Тамыз кеңесі аясында білім саласындағы соңғы жаңашылдықтар көпшілікке таныстырылды. Көрмеде жасанды интеллект, цифрлық білім беру платформалары, мен заманауи оқу құралдары көрсетілді. Жиында жаңа оқу жылына қойылатын міндеттер ортаға салынды. Биылғы басқосуда білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және жаңа технологияларды оқу процесіне тиімді енгізу мәселелері басты назарда.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Облыстың білім беру саласы – республика бойынша ең ірі жүйелердің бірі. Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы біздің өңірге тиесілі. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Яғни Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы – Түркістан облысының тұрғыны.
Жиында ұстаз еңбегі де ескерусіз қалмады. Білім саласына үлес қосқан бірқатар педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды.
ҰЛТУСЫН ҚАЛДЫБАЕВА, «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ:
— Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан «Ерен еңбегі үшін» медалін иелендім. Өте қуаныштымын. Бұл бүкіл ұстаздардың жемісі деп есептеймін. Жаңа оқу жылы құтты болсын! Табысты жыл болсын!
Басқосу білім саласының бірнеше бағытын қамтыды. Төрт пленарлық және 34 секциялық отырыста бес мыңға жуық педагог пен сала маманы бас қосты. Жиында жасанды интеллектіні білімге енгізу, оқушылардың қауіпсіздігі, мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыру және ауыл мектептерінің мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды.
ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Биылғы дәстүрлі Тамыз кеңесін өзгеше жаңа форматта өткізіп жатырмыз. Мектепке дейінгі білім беру, орта білім және кәсіптік білім бойынша үш деңгейдің 12 негізгі бағыты бойынша жұмысымызды жалғастырып келе жатырмыз.
Өңірде облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 115 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы білім саласының көрсеткіші де жаман емес. 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысының білім сапасы 69 пайызға жетіп, республика бойынша ең жоғары нәтижені көрсетті.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.