Ұлдана Мырзуанның ісі: айыпталушы кінәсін мойындамайтынын айтты

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Марқұм Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі сотта әкімдіктен алған 20 миллион теңгенің есебін берді. Бүгін Астанада үстіне көпқабатты үйдің қасбеті құлап, мерт болған фельдшердің өліміне қатысты сот отырысы онлайн форматта жалғасты. Жиында Ұлдананың анасы сөз сөйледі. Ал жалғыз айыпталушы кінәсін мойындамайтынын айтты.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бұл істегі жалғыз айыпталушы – ОСИ төрағасы Сәуле Жұманиязовада жаңадан екінші адвокат. Іске енді кіріскен заңгер 12 томдық іспен танысып үлгермегендігін айтып, сот процесін кейінге шегеруді сұрады. Бірақ оның өтініші қанағаттандырылмады.

Сотта алдымен жәбірленуші тараптан жауап алынды. Марқұм Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі алғаш болып сөз сөйледі. Прокурор одан әкімдік тарапынан берілген 20 миллион теңге өтемақының есебін сұрады. Оған мәслихат депутаты ақшаны Астана әкімінің көзінше қолма-қол ұстатқан.

ӘДІЛЕТ ЗЕЙНЕЛ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Ұлдананы жерлеп келген соң, бізді әкімдікке шақырды. Менің қасымда Ұлдананың туған әпкесі болды. Әкім және орынбасары болды. Депутаттың есімі есімде жоқ. 20 миллион теңге ақша берді. 3 күн ішінде 9 миллион 300 мың теңгеге Ұлдананың көлігінің несиесін жаптым. 4 жарым миллион анасына бердім. Қалғаны асқа жұмсалды. Қой сатып алдық. Ал банкте: «Несиесін тек 6 ай өткен соң ғана жаба аласыздар», — деді.

Ал Әділеттің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы ниетіне анасының өтініші себеп болған көрінеді. Бірақ әзірге сот оны жәбірленуші мәртебесінен айырған жоқ. Сотта Ұлдананың анасы Сәлима Омароваға сол қайғылы оқиғаны қайта еске алуына тура келді.

СӘЛИМА ОМАРОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
— Қызымның мұндай ауыр ахуалде екені үш ұйықтасам да ойыма келмепті. Палатаға кіргізгенде бетінен сүйіп, иіскеп, ішімдегі бар сөзімді айтқым келді. Бірақ қызым мені естімейтініне көзім жетті.

Қайғылы оқиға былтыр қарашада болды. Елордадағы 9 қабатты үйдің қасбеті құлап, 5 адамның үстіне оның бөліктері түскен еді. Соның бірі – жедел жәрдем фельшері 23 жастағы Ұлдана Мырзуан. Ол сол жерде алған ауыр жарақаттан кейін ауруханада 10 күн ес-түссіз жатып, көз жұмды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал