Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Түркістанда туризмнің тынысы кеңейіп келеді. Киелі шаһарға ат басын тірейтін қонақ қатары жыл сайын артуда. Туристер үшін жаңа демалыс орындары мен заманауи нысандар да ашылып жатыр. Биыл қаладағы алғашқы жағажай пайдалануға берілсе, жастар саябағы мен ботаникалық бақ та көпшіліктің сүйікті орына айналған.
Түркістандағы алғашқы қалалық жағажай бүгінде демалушыларды қабылдап жатыр. Жаздың аптабында мұнда келуші қарасы қалың. Жағажай барлық қауіпсіздік талабына сай жабдықталған. Құтқару бекеті, алғашқы медициналық көмек көрсету орны, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету пункті мен санитарлық торап қарастырылған. Ал суға түскен тұрғындардың қауіпсіздігін кәсіби құтқарушылар бақылайды.
Жаңа жағажай ашылғалы мұнда қала тұрғындарымен қатар, сырттан келген қонақтар да жиі ат басын бұрады. Мамандардың айтуынша, мұндай демалыс орындарының көбеюі Түркістанның туристік әлеуетін арттыра түседі.
Түркістанда демаламын деушілер үшін қаладағы «Жастар саябағында» веложол, жүгіру жолы, скейт алаңы мен шахмат клубы жұмыс істейді. Ал саябақтың ең ерекше орны – ботаникалық бақ. Мұндағы жылыжайда бүгінде жетпіске жуық өсімдік түрі өсіріліп, бірнеше жануар мен сүтқоректі мекендейді. Бұл орын табиғатты тамашалап қана қоймай, танымдық демалыс өткізуге де мүмкіндік береді.
НҰРСҰЛТАН ҚАЛМЫРЗА, СҚҚБ «ТҮРКІСТАН УРБАНИСТИКА ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ:
— Түркістан қаласының климаты шөлді болғандықтан жылыжайда 4 климатты қатар қамту үшін субтропиктік, шөлді, ылғалды, суық аймақтарда өмір сүретін өсімдіктер мен ағаштарды өсірдік. Архитектуралық ерекшелігі – ғимараттың ультракүлгін сәулелерден қорғау мақсатында терезелеріне арнайы қаптамалар жапсырылған, биіктігі 11 метрді қамтиды.
Түркістанға келетін турист саны да айтарлықтай өскен. Биылғы көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 мыңға көбейіп, 250 мың адамға жеткен. Оның 20 мыңға жуығы – шетелдік турист. Қалаға көбіне Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Еуропа елдерінен саяхатшылар келеді. Мамандар мұны жаңа туристік нысандардың ашылуы және қаладағы демалыс инфрақұрылымының кеңеюімен байланыстырады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.