Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ротавирус пен желшешекке қарсы екпелер Қазақстанның ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілуі мүмкін. Бұл туралы тілшілерімізге Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары мәлімдеді. Қазір бұл екпе түрлері балаларға тегін салынатын вакцина тізіміне кірмейді. Еліміздегі иммундау тәсілі қалай өзгереді?
Профилактикалық екпелер күнтізбесі әзірленіп, бекітілген кезде кез келген мемлекет, соның ішінде біздің еліміз де инфекциялық ауруларға қарсы қандай екпе жасау керектігін эпидемиологиялық жағдайға сүйене отырып анықтайды. Яғни ел аумағында қандай инфекциялар тараған, халыққа қандай қауіп төнуі мүмкін – осының бәрі ескеріледі.
НҰРШАЙ ӘЗІМБАЕВА, ҚДС ҰО ИММУНОПРОФИЛАКТИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Мәселен, кейбір елдер менингококк инфекциясына қарсы вакцинация жүргізеді, ал Қазақстанда мұндай вакцинация жүргізілмейді. Себебі елімізде менингококк инфекциясымен сырқаттану деңгейі төмен. Сондықтан барлық баланы жаппай вакцинациялауға негіз жоқ. Яғни бізде бұл инфекцияға қарсы жалпы вакцинация жүргізілмейді.
Ал елімізде кене энцефалитіне қарсы вакцинация жүргізіледі. Көптеген елде бұл екпе жасалмайды. Бізде кене кездесетін аймақ бар және олар адамды шаққан жағдайда инфекция таратуы мүмкін. Қазақстанда 11 түрлі қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық екпе ұлттық күнтізбесі бар. Енді олардың қатары толығуы мүмкін.
НҰРШАЙ ӘЗІМБАЕВА, ҚДС ҰО ИММУНОПРОФИЛАКТИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Ротавирустық инфекция мен желшешек – елімізде таралған инфекциялар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта осы екі инфекциялық ауруға қарсы вакцинацияны енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
Ал АҚШ-та керісінше, екпе саны қысқарды. Дональд Трамп балаларға ұсынылатын негізгі екпені 17-ден 11-ге дейін қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа тізімнен балаларға жаппай ұсынылатын В гепатиті, COVID-19 және тұмауға қарсы вакциналарды шығарып тастаған. Әр елдің тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру деңгейіне байланысты жұқпалы дерттен қорғануы да әртүрлі.
Соңғы жылдары Қазақстанда папиллома вирусына қарсы қосымша екпе егу басталды. Вакциналау 14 және 17 жас аралғындағы қыз балаларға ерікті түрде, ата-анасының келісімінен жасалады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.