Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Еліміздегі ара шаруашылығы цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Жетісу облысындағы шаруалар бір маусымда 3 рет өнім жинап, 130 тоннадан астам бал алған. Балды жинап қана қоймай, терең өңдеп, сауда сөрелеріне жіберген.
Омарташы Ақан Жұматаев үшін бал арасын күтіп-баптау – күнделікті жұмыс емес, сүйікті іс. 250 омартаны бақылап, жәндіктерді түрлі аурудан сақтайды. Ұядағы тіршілікті қадағалайды. Осы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде көктем мен күздің арасында 3 рет өнім алады. Таулы аймақтағы өсімдік балдың дәмі мен сапасына әсер етеді. Сондықтан әр маусымда жиналған өнімнің өзіне тән ерекшелігі бар дейді.
АҚАН ЖҰМАТАЕВ, ОМАРТАШЫ:
— Текелі тауының ауа райы араға қолайлы. Бұл жерде әртүрлі шөп өседі. Былайша айтқанда, дамуы тез болады. Көктемгі дамуына гүлдің әсері өте көп болады.
Жиналған өнім кәсіпорынға терең өңдеу үшін жөнелтіледі. Бал терілген шөптермен әрленіп, қажет қоспалармен араластырылады. Дайын өнім құтыларға құйылып, саудаға шығарылады. Талдықорғандағы кәсіпорын сағатына 1500 құты өнім шығаруға қауқарлы. Мекемедегі 10 маман былтырдан бері 600 келі өнім өндіріп, тауар Жетісу облысының нарығын қамтып отыр.
Бүгінде Жетісу облысының омарташылары 11 мыңнан астам ара ұясын кәсіп қылған. Әсіресе шаруашылық табиғаты қолайлы Көксу, Панфилов және Алакөл ауданында қанат жайып келеді. Салаға мемлекеттік қолдау да көрсетіліп, шаруаларды қаржыландыру тетіктері қарастырылған.
ДАНИЯР ЫСҚАҚОВ, АШМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Ауыл аманаты» бойынша 5 жоба мақұлданып, 36,6 млн теңге аударылды. Азаматтар өздерінің қызметтерін жалғастырып, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қосымша 2 жоба дайындалып жатыр. Олар өз қаражатын алып, істерін дөңгелетеді.
Елімізде омарта ісі қарқынды дамып, салаға заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Қазақстандық ғалымдар ара шаруашылығын цифрландыруға арнайы платформа әзірледі. Жүйе арқылы омарташылар ара ұяларын есепке алып, жағдайын бақылап, селекциялық жұмыстар жүргізе алады. Бұл бастама омарта шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.