Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Астанада жастарға арналған «Төртеудің құпиясы» атты жаңа фантастикалық телехикаяның түсірілімі басталды. 8 бөлімнен тұратын туынды өз қабілетін танып, болашағын қалыптастыруға ұмтылған оқушылардың өмірін баяндайды. Жоба арқылы көрерменге талант, еңбек пен табандылықтың маңызы көрсетілмек.
Төрт жасөспірім. Төрт түрлі қабілет пен тосын өзгеріс. Астанада тың туындының түсірілімі басталды. Телехикая 8 бөлімнен тұрады. Атауы – «Төртеудің құпиясы».
ӘЛИЯ ЕРДЕН, БАС ПРОДЮСЕР:
— Біз қазір «Төртеудің құпиясы» телехикаясының түсірілім алаңындамыз. Бүгін – түсірілімнің алғашқы күні. Бұл телехикаядан күтеріміз көп. Телехикая сәтті шығады дегенге сеніміміз мол. Рейтингі де жоғары болады деп ойлаймын. Себебі актерлік құрам талантты жастардан тұрады. Командамыз өте мықты.
АРХАТ ОРДАБАЙ, ТЕЛЕХИКАЯ РЕЖИССЕРІ:
— Телехикая бір мектепте оқитын төрт дос, төрт сыныптас туралы. Олардың өмірінде ертегіге ұқсас тосын жағдай болады. Олар өздеріне ерекше күш сыйлайтын жұмбақ тасқа кезігеді. Біз осы сиқырлы тастың әсерінен олардың өмірінде болатын түрлі оқиғаны көрсетеміз.
Шығармашылық топ сериалдың тек мазмұнына емес, визуалдық сапасына да ерекше мән берген. Себебі әр көріністің сәтті шығуы осы команданың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
АРХАТ ОРДАБАЙ, ТЕЛЕХИКАЯ РЕЖИССЕРІ:
— Өз басым біздің нарықта фантастика жанрындағы жобалардың түсірілгенін көптен бері көрмеппін. Бұл жанрға әдетте өте сақ қарайды. Себебі фантастиканы түсіру – өндіріс жағынан күрделі процесс. Меніңше, жобаның жанрының өзі-ақ оны өзгелерден ерекшелендіріп тұр. Өйткені мұндай туындылар нарықтағы басқа картиналардың арасынан бірден көзге түседі.
Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жоғары. Осы ретте актерлер өз кейіпкерлерінің мінезі мен эмоциясын дәл жеткізуге қаншалықты дайын? Оны біз байқап көрдік.
«Төртеудің құпиясы» телехикаясының мақсаты – креативті индустрияны дамыту, сондай-ақ әртүрлі салада балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту бойынша серияларды өндіруді және орналастыруды ұйымдастыру. Жоба жетекшісі осылай дейді.
АҚЫЛБЕК ШАЛЖАНОВ, ПТРК ДЕРЕКТІ КИНО ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Президент телерадиокешенінің, соның ішінде деректі кино орталығының тәжірибесіндегі бірінші көркем сериал деп айта аламыз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсіріліп жатыр. Осы күзде 8 бөлімнен тұратын сериалымызды дүйім жұртқа ұсынамыз.
Айта кетейік, әр бөлімі 25 минутқа созылатын телехикая өндірісіне 40-қа жуық маман тартылған. Өйткені сериалдың тек мазмұны, визуалдық сапасы аса маңызды. Сол үшін режиссер, оператор, дыбыс мамандары, жарық қоюшылар мен техникалық топ барын салып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.