Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Құрылтай заң қабылдап қана қоймайды. Сонымен қатар Үкімет жұмысын бақылап, бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім береді. Ал жаңа саяси жүйе қарапайым азаматтың өміріне қалай әсер етеді?
Құрылтайдың бұрынғы қос палаталы Парламенттен айырмашылығы неде? Бір палата. 145 депутат. Бес жылдық мандат. Қазақстанның заң шығару жүйесі жаңа форматқа көшеді. Бұған дейін заң қабылдау үдерісіне Мәжіліс пен Сенат қатысса, енді бұл міндет бір ғана органға жүктелмек.
Әйгерім Әбдірашитова, ҚСЗИ бас сарапшысы:
— Бұл нені білдіреді? Бірінші кезекте әрине, заң қабылдау жүйесі әлдеқайда жеңіл болады. Себебі бұрынғыдай екі сүзгіден өтіп, Президенттің алдына қол қоюға жіберілмейді. Бұл жолы депутаттар өздері жасайды, өздері өзгерістердің бәрін енгізіп, қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберіп отырады.
Құрылтай тек заң қабылдаумен шектелмейді. Ол Премьер-Министр мен Вице-Президентті тағайындауға келісім береді. Жоғарғы сот судьяларын сайлайды. Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға қатысады. Демек, Құрылтайдың өкілеттігі де, саяси жауапкершілігі де жоғары.
Әйгерім Әбдірашитова, ҚСЗИ бас сарапшысы:
— Бұл нені білдіреді? Бірінші кезекте әрине, заң қабылдау жүйесі әлдеқайда жеңіл болады. Себебі бұрынғыдай екі сүзгіден өтіп, Президенттің алдына қол қоюға жіберілмейді. Бұл жолы депутаттар өздері жасайды, өздері өзгерістердің бәрін енгізіп, қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберіп отырады.
Ал қарапайым азамат үшін не өзгереді? Бір қарағанда, Мәжілістің орнына Құрылтай келгенімен, адамның коммуналдық төлемі немесе жалақысы ертең бірден өзгермейді. Бірақ салық мөлшерінен бастап, әлеуметтік төлем, денсаулық сақтау, білім, бюджет шығыны, меншік құқығы мен кәсіпкерлікке дейінгі негізгі ережелер заң арқылы реттеледі. Ал бұл заңдарды енді Құрылтай қабылдайды. Сондықтан жаңа органның жұмысы түптеп келгенде әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Қараша халық та саяси шешімдерден тыс қалмай, заң шығару процесіне қатыса алады.
Жанат Жігітекова, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры:
— Азаматтардың заң шығару процесіне қатысуының үш деңгейін атап өтер едім. Бірінші деңгей – Құрылтайды қалыптастыру арқылы қатысу. Екінші деңгей – Қазақстан Халық Кеңесі арқылы қатысу. Бұл жаңа Конституциядағы маңызды жаңалықтардың бірі. Халық Кеңесіне Президентпен, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен қатар заң шығару бастамасы құқығы берілді. Үшінші деңгей – азаматтардың заң жобаларын талқылауға қатысуы. Қоғамдық талқылаулар, депутаттармен кездесулер, сараптамалық және қоғамдық алаңдар, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жолдау мүмкіндігі сақталады.
Тағы бір маңызды тетік – Үкіметті бақылау. Конституциялық заң бойынша депутаттардың кемінде бестен бірі бастама көтерсе, Құрылтай Үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін қарай алады. Ал депутаттардың кемінде үштен бірінің бастамасымен Үкімет мүшелерінің есебін тыңдауға мүмкіндік бар. Сол мүмкіндіктің қалай пайдаланылатынын енді бірінші Құрылтайдың жұмысы көрсетеді.
Ғани Мұқашұлы, Альфия Хайдарова
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал #Құрылтай #Сайлау #ТікелейЭфир #Курултай #выборы #дебаты #прямойэфир
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.