Қ. Тоқаев 2029 жылы қайта сайлауға түсе ме? Президент жауап берді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Елімізде бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы №520 учаскесінде дауыс беріп, елдегі саяси реформалар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Президент 2029 жылғы сайлауға қатысты нақты шешім қабылдауға әлі ерте екенін айтты. Саяси науқанның өту барысына оң бағасын берген Мемлекет басшысы: «Елдің болашағы үшін маңызды таңдау басталды», — деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Содан соң Мемлекет басшысы отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг өткізді. Президент ел таңдауын жасайтын бүгінгі күнді Қазақстан үшін тарихи оқиға деп атады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана.

Брифингте журналистер Президентке Құрылтай депутатының сайлаушылар алдындағы жауапкершілігінен бастап, жаңа Палата бірінші кезекте қандай заңды қабылдауы мүмкін, Үкімет жұмысын жалғастыра ма? Сондай-ақ Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәйкес, Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе деп тілшілер сұрақ қойды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз.

Президент осы жолғы партиялар арасындағы саяси бәсекенің деңгейіне ерекше назар аударғанын айтты. «Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық», — деді Мемлекет басшысы. №520сайлау учаскесіне дауыс беруге келген сайлаушылар қарасы да қалың. Әсіресе ел болашағы үшін таңдау жасауға талпынған жастар көп. Солардың бірі – көпбалалы отбасы.

НҰРЖАН РУСЛАНҰЛЫ,ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Ерекше сәтті отбасымызбен бірге өткізейік деген мақсатта келдік. Сайлау өте ерекше өтіп жатыр. Оның үстіне Президентіміз келді. Президентімізбен бірге сайлауда дауыс беру мәртебесі бұйырған екен. Біз өте қуаныштымыз. Еліміздің тәуелсіздік тұғыры биік болсын!

Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау қызу жүріп жатыр. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді. Сонымен бірге 79 сайлау учаскесі Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал #Құрылтай #Сайлау #ТікелейЭфир #Курултай #выборы #дебаты #прямойэфир #Новости #Новости2026