Бес партия Құрылтайға өтетін 5% межеден өтті

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

«Әділет» партиясы елдің жаңа бір палаталы Парламенті – Құрылтайға өткен алғашқы сайлауда басым түсті. Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, жеті партияның бесеуі Құрылтайға өтетін бес пайыздық межеден асып отыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау күні учаскелерде заң бұзушылық тіркелмеген, сотқа да шағым түспеген.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындысы шықты. 12 миллион 623 мыңнан астам сайлаушының 9 миллион 351 мыңы дауыс берген. Бұл – электораттың 74,08%-ы. Енді Құрылтайға өтетін партиялар мен олардың депутаттық мандаттары есептеледі.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Әділет» партиясы – 6 528 948 дауыс немесе 71,18%
ЖСДП – 469 058 дауыс немесе 5,11%
Байтақ – 97 751 дауыс немесе 1,07%
ҚХП – 285 395 дауыс немесе 3,11%
Ауыл – 574 621 дауыс немесе 6,26%
Ақ жол – 478 083 дауыс немесе 5,21%
Respublika – 509 631 дауыс немесе 5,56%

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жеті партияның ішінде ең көп дауыс «Әділетке» бұйырды. Ал бес пайыздық межеден тағы төрт партия өтті. Олар: ЖСДП, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublika партиялары. Осылайша, алдын ала есеп бойынша, Құрылтай құрамына бес партия өтеді. Ал қалған екеуі қажет межеге жете алмады. Сайлаушылардың 2,51%-ы «Бәріне қарсымын» деген жолды таңдаған. Енді ең қызығы – мандаттарды бөлу. Құрылтайдағы 145 депутаттың кім болатыны партиялық тізімдерге байланысты анықталады. Яғни сайлаушылар партияларды таңдаса, ендігі кезекте партиялардың өздері депутаттық орындарға үміткерлердің нақты тізімін айқындайды.

ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
— Ресми түрде он күн ішінде нақты қай партия қанша мандатқа ие болатынын жариялауымыз керек. Әрбір учаскелік комиссия протоколды бізге жеткізуі керек. Содан кейін бәрін есептеп, нақты цифрын шығарамыз.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Орталық сайлау комиссиясының хатшысы алдын ала мәлімет бойынша дауыс беру күнінде ешқандай заң бұзу тіркелмегенін, сотқа ешкім жүгінбегенін айтты. Дауыс берудің түпкілікті қорытындысы шығарылғаннан кейін жаңа саяси органның құрамы белгілі болады. Алғашқы сессияны Мемлекет басшысы шақырады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал