Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Бензиннің сапасы сын көтермей тұр. Жанармай құйғаннан кейін көлігі бұзылып, жолда қалған жүргізушінің қарасы көбейген. Әлеуметтік желіде ашуға булыққан жұрт бензин сапасына күдік келтіруде. Кейбірі көлігіне келген шығынды жүздеген мың теңгеге бағалайды. Ал министрлік мәселені мойындап, бензиннің қай жерде бүлінгенін анықтауға кірісті.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қазақстандық жүргізушілер әлеуметтік желіде бензин сапасына жаппай шағымданып жатыр. Әсіресе, АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көлігі жүрмей, қозғалтқышы сыр бергендер көбейген. Мұны көлік жөндеу орталығының мамандары да растап отыр.
Астанадағы көлікке қызмет жөндеу орталығы иесінің айтуынша, сапасы күмәнді бензиннен, әсіресе BMW, Mercedes секілді еуропалық жаңа көлік те бүлініп жатыр. Жанармай құйғаннан кейін көлігі оталмай қалған он шақты жүргізуші күн сайын сервиске жүгінеді.
РУСТАМ ЖАҢАБЕРГЕНОВ, КӨЛІК ЖӨНДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Сервиске әкелген автокөліктің жанармай багін қарасақ, ішінде тот сияқты қоқыс, су жүреді. Тот қайдан шықты десек, жанармай бекетіндегі резервуардан. Демек, ішінде ылғал бар. Бұл бензинді сақтау ережесі бұзылғанын білдіреді.
Бірақ бензиннің нақты қай жерде бүлінгені әзірге белгісіз. Мәселе зауыттан шыққан отында ма, тасымалдауда ма әлде жанармай бекетіндегі сақтау кезінде болды ма? Мұны қазір Энергетика министрлігі анықтап жатыр. Министрдің айтуынша, әзірге мұнай өңдеу зауыты мен жанармай құю желілері бір-біріне кінә артып отыр.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Менің орынбасарым Қайырхан Тұтқышбаев Павлодар мұнай өңдеу зауытында жүр. Олар тиісті түрде сынама алып жатыр, зерттеп, мәселе қай жақтан туындағанын анықтайды. Анықтағаннан кейін тиісті нәтижесін жариялаймыз. Әзірше мұнай өңдеу зауыты мен жанар-жағармай станциялары бір-біріне сілтеп жатыр.
Министр жүргізушілерді сабырға шақырды. Оның айтуынша, жақын арада Атырау мұнай өңдеу зауытынан бензиннің жаңа, сапалы партиясы жеткізіледі. Ал Сауда және интеграция министрлігі жанармай бекеттеріндегі заңбұзушылықтар бұған дейін де анықталғанын мәлімдеді. Яғни мәселе тек жүргізушілердің шағымымен шектелмейді. Тексеру кезінде бір маркалы бензиннің орнына сапасы төмен жанармай сатылған жағдайлар да тіркелген.
Комитет өкілі жүргізушілерден ресми шағым түссе, кез келген жанармай бекетін тексеруге дайын екенін айтты. Ол үшін аумақтық техникалық реттеу және метрология департаментіне өтініш беру қажет.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.