Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Самокатпен тротуарда жүруге енді болмайды. Жаңа талап күшіне енді: жолға шығатындар 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігі мен қорғаныс шлемі болуы керек. Ал бұл өзгеріс жол қауіпсіздігін шынымен күшейте ме әлде самокатшыларға арнайы инфрақұрылым қажет пе?
Электрлі самокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге болмайды. Бүгіннен бастап жаңа ереже күшіне енді. Талап бойынша жолдың жүру бөлігіне тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, Қорғаныс шлемін киген азамат ғана шыға алады. Түнде жарық шағылыстыратын белгімен жүруі міндетті. Ал жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түсіп, жаяу көлігін жетектеп өту керек. Бас прокуратура бұл өзгеріс жол қауіпсіздігін күшейту үшін енгізілгенін айтты.
САЯН ӘБДЕНОВ, БАС ПРОКУРОРДЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:
— Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен – 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен – 97, электросамокат жүргізушілердің кінәсінен – 47 жол-көлік оқиғасы болған. Осы оқиғалардың барлығында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
Жаңа талап самокатты жалға беретін компанияға да қатысы бар. Прокатқа берілетін мобилді көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен сақтандыруы болуы тиіс. Техникалық жағдайы, жылдамдығы мен орналасқан жерін компания бақылайды. Мәселен, самокат тыйым салынған аумаққа кірсе, жүйе оның жылдамдығын автоматты түрде төмендетіп, кейін тоқтатады.
Мамандардың айтуынша, жаңа ереженің мақсаты – электрлі самокатты пайдаланушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру. Ал тұрғындар талаппен бірге арнайы инфрақұрылым да қажет деп санайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.