Бірқатар өңірде жылу маусымына дайындық кешеуілдеп жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қыс қыр астында. Алайда бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Жылу беру кестеге сәйкес басталуы керек. «Алдағы жылыту маусымына энергия нысандарын дайындау барысын жергілікті жерлерде бақылауды күшейтіп, олардың уақытылы дайындығын қамтамасыз ету қажет», — деді Үкімет отырысында Премьер министр Олжас Бектенов. Өйткені биылға жоспарланған 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жұмыстары әзірге 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада әртүрлі кезеңде жүргізілуде.
Ала жаздай ән салған шегіртке кейпіне қыс қаһарына мінгенде түспес үшін жылыту маусымына дайындықты сақадай сай ету қажет. Ол үшін қаражат та жеткілікті сияқты. Мәселен, биыл электр станцияларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр деп мәлімдеді.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ. ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91% және қосалқы стансалардың 84% жөндеу аяқталды. Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоcпарланған. Оның 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды.

Министр сондай-ақ энергожүйе жұмысының сенімділігін арттырудағы оң динамиканы атап өтті. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы технологиялық бұзылу саны 6 пайызға төмендеген. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4 млн тоннадан астам көмір, 137 мың тонна мазут қоры бар. Премье-министрдің айтуынша, жылыту маусымының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Алайда жұмыс сылбыр жүргендіктен маусымға кешігу қаупі де бар. Мұндай тәуекелдер әсіресе, Көкшетау, Теміртау және Жезқазған қаласында байқалады. Алматы және Солтүстік Қазақстан облысында жылу желілерін жөндеу қарқыны төмен.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлік паспорттарын алу жұмыстары басталды. Әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырамын. Энергия көздерінің, жылу және электр желілерінің жай-күйін тұрақты негізде тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысы мен қажетті материалдық ресурстардың болуын бақылауда ұстау қажет. Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кететін болса, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады.

Премьер-министр өңірлерге ерекше назар аударды. Тиісті ведомство басшылары мен өңір әкімдеріне көмірді өндіру мен тасымалдаудан бастап оны халыққа сатуға дейінгі бүкіл жеткізу тізбегіне қатаң бақылау орнату қажеттігін айтты. Жылыту маусымына білім беру және денсаулық сақтау нысандары 1 қыркүйекке дейін, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін толық дайын болуға тиіс екенін қатаң тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал