Елімізге 5 мыңнан астам мұғалім керек

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Жасанды интеллект. Ұстаз тапшылығы. Ауылдағы білім сапасы. Биылғы тамыз кеңесіндегі басты бағыт осы болды. Елімізге 5 мыңнан астам мұғалім керек. «Кадр мәселесін түпкілікті шешуде әлі біраз шаруа атқарылуға тиіс», — деді кеңеске қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев. Жаңа Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни: «Адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды», — деді Мемлекет басшысы. Ел Президенті қатысқан тамыз кеңесінде тағы не айтылды?
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында қызу қарбалас. Жылына бір рет Тамыз конференциясында кездесетін ұстаздар қауымы ерекше көңіл күйде. Алайда алда жаңа оқу жылы, жауапты кезең күтіп тұр. Іс-шараға еліміздің әр аймағынан 600-ден аса білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып жатыр. Барлығы жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа бастама мен инновацияға ден қойып, білім жүйесіне енді бойлап ене бастаған заманауи оқытудағы жасанды интеллект туралы ойларын бөлісті.

ӘЙГЕРІМ ҚОШАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Біз былтырғы оқу жылында жасанды интеллектімен жұмыс істеп бастадық. Педагогтарымыздың сабаққа дайындалуына көп көмегін тигізеді. Бірақ ол адамды ауыстыра алмайды. Көмекші құрал ретінде қарастыруға болады.

Тамыз конференциясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажеттігін айтты. Оған нақты дәлел де бар. Президенттің айтуынша, ауыл мектептерінен республикалық олимпиадаларда жүлдеге ие болған оқушылардың саны 10 есе артқан. Алайда білім беру жүйесінде әлі де шешімін күткен мәселе аз емес. «Қажет инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізу қажет», — деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Жалпы, еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылды. Нақты нәтижелер де бар. Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет.

Соңғы 6 жылда 511 жаңа ауыл мектебі пайдалануға берілген. Оның ішінде 84-і – «Келешек мектептері». Нәтижесінде 32 апатты және 57 үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілген. Биылдан бастап қазақстандық мектеп оқушыларына «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастайды. Оқу бағдарламасына сондай-ақ «Конституция негіздері» және «Заң және тәртіп» курстары енгізілген. Негізгі мақсат – балалардың жас кезінен өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне, заң мен Конституцияны құрметтеуіне негіз қалыптастыру.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Ұстазы мықтының ұстамы мықты. Дәстүрлі тамыз конференциясында білім саласындағы жетістіктер сараланып, болашаққа жоспар құрылды. Ұстаз алдында білімді, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Білімді жастарды одан әрі дамытуда, әлемнің жетекші алаңдарында жоғары бәсекеге қабілетті етуде ұстаз жауапкершілігі салмақты
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал