Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Алдағы үш жылда жасанды интеллект еліміздің барлық саласына кеңінен енеді. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясының 2029 жылға дейінгі жоспарын бекітті. Енді жасанды интеллект чат-бот немесе телефондағы қосымша емес, білімнен медицинаға, бизнестен мемлекеттік қызметке дейінгі көптеген саланың бір бөлігіне айналуы тиіс.
Цифрлық стратегия бүгін ALEM.AI халықаралық жасанды интеллект орталығында көпшілікке таныстырылды. Цифрлық трансформация үш бағытта жүреді. Жасанды интеллект әуелі азаматтарға арналған цифрлық қызметтерге енгізіледі. Содан кейін бизнес пен экономика, мемлекеттік аппаратты да қамтиды. Мысалы, бала бір мектептен екіншісіне ауысса, оның бағалары мен оқу тарихын ата-ана қайта-қайта жинап жүруге мәжбүр болмауы керек. Баланың бүкіл білім алу жолын бір жүйеден көруге мүмкіндік туады.
БАХТИЯР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қазір әр мемлекеттік орган мен жүйе бөлек жұмыс істейді. Азамат әрқайсысына жеке жүгінеді. Енді біз бірыңғай платформалық шешімге көшіп жатырмыз. Яғни бар ақпараттық жүйелер бір-бірімен байланысып, азаматқа барынша ыңғайлы сервис ұсынылады.
Кейбір қызмет қазірдің өзінде адамның қатысуынсыз көрсетіледі. Мәселен, әйел жүкті болғаны медициналық жүйеде тіркелгеннен кейін, әлеуметтік төлем автоматты түрде есептеледі. Бала дүниеге келген соң ата-анаға SMS келіп, аты-жөнін растау жеткілікті. Бірнеше күннен кейін туу туралы куәлік электронды түрде беріледі. Жасанды интеллект мемлекеттік қызметтің өзге де бағытына еніп жатыр.
РОСТИСЛАВ КОНЯШКИН, ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Egov GPT арқылы 50 мемлекеттік қызметті чат форматында алуға болады. Сонымен қатар байланыс орталықтарында да жасанды интеллект қолданылып, өтініштерді өңдеу шығынын азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Цифрландыру күшейген сайын киберқауіпсіздікке де талап артады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалуы күшейтіліп, азаматтарға өз деректерінің қалай пайдаланылып жатқанын бақылау мүмкіндігі берілуге тиіс.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қысқасы, Үкіметтің жоспары бойынша 2029 жылға қарай Қазақстанда цифрлық технология жай ғана қосымша мүмкіндік емес, күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналуы тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.