Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
33 жылдық үзілістен кейін Арқалыққа алғашқы ұшақ қонды. Жаңғыртылған әуежай қайта жұмысын бастады. Енді қала Астана, Қостанай және Алматы бағыттарымен әуе арқылы байланысады. Ал теміржол қатынасында қандай өзгеріс бар?
Арқалық әуежайының тарихы кеңес дәуірінен басталады. Әуе айлағы қаланы ірі орталығымен байланыстырды. Алайда 90-жылдардың басында тұрақты рейс тоқтады. Әуежай қаңырап бос қалды, Ғимарат қараусыз қирап қалды. Осылайша Арқалық әуежайы отыз жыл бойы авиация картасынан жоғалды. Әйежайдың болғанын ұмытпаған бір қызметкер бар. Ол – Қобылан Бурашев. Кезінде ұшақты басқарған пилот. Араға ондаған жыл салып, бұл жерге енді ұшқыш емес, жолаушы ретінде оралды.
ҚОБЫЛАН БУРАШЕВ, АВИАЦИЯ АРДАГЕРІ:
— Арқалықта қандай әуежай салынғанын естіп те, көріп те жүрміз. Өте заманауи әрі әдемі. Бүгін алғашқы рейс орындалып жатыр. Мен осы рейстің жолаушысы ретінде бұған өте қуаныштымын. Әуежайды асықпай аралаймын.
33 жылдан кейін әуежай қайта салынды. Жаңа терминал сағатына 70 жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Ұзындығы екі жарым шақырым болатын ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылды. Аэронавигациялық және метеорологиялық жабдық орнатылды. Әуе айлағы ұшуға жарамды деген барлық сертификатты алды. Енді өңірлік жолаушылар ұшақтарын қайта қабылдай алады. Билет бағасын төмендету үшін тұрақты рейс республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІН:
— Бірнеше әуе бағыты ашылады. Арқалық Астана, Қостанай және Алматы қаласымен байланысады. Мемлекет қолдау бар. Сондықтан билет құны Астана мен Қостанайға 10 мың теңге, Алматыға 25 мың теңге болады. Әуе қатынасы аптасына екі рет жүзеге асады. Бұл – тек бастамасы.
Арқалықта көлік қатынасы біртіндеп жақсарып келеді. Тамыз айында қала мен Астана арасында тікелей теміржол қатынасы іске қосылып, «Нұрлы жол – Арқалық» пойызы жолға шықты, Ал жаңғыртылған теміржол вокзал ашылды. Келесі маңызды жоба – Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз көлік жолын дамыту. Осылайша, ұзақ жыл оқшау қалған Арқалықта әуе, теміржол және көлік қатынасы бір жолға түсті. Енді ірі қалалармен байланыс күшеймек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.