Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Еліміздің солтүстігінде егін орағы қыза түсті. Аптап ыстықтың салдарынан астық биыл ерте пісті. Қазірдің өзінде диқандар 900 мыңнан астам гектардан ырыс дәнін жинап үлгерді. Бидайдың шығымдылығы, сапасы қандай?
Қырдағы қарбалас қайта басталып, дала төсі дүбірге бөленген шақ қазір. Ризығын жерден теретін диқандар қауымы алажаздай баптаған бидайды орып жатыр. Алқаптарда 7 мыңға жуық тегеуірінді техника жүйткіп жүр. Мақсат — сары алтынды шашау шығармай жинап алу.
НИКОЛАЙ КАБИЦКИХ, МЕХАНИЗАТОР:
— Жауын-шашын аз болды. Соған қарамастан астықтың түсімі жаман емес. Қазір ауа райы біз үшін қолайлы болып тұр. Барлық жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Егінді уақытында жинап, қамбаға құйып алуымыз керек. Биыл егіннің клекавинасы жақсы.
Солтүстікқазақстандық шаруалар көктемде 4,4 миллион гектарға ырыс дәнін септі. Дені – бидай. Алқаптарға 350 мың тонна минералды таңайтқыш енгізілді. Ал оның 60 проценті Үкіметтен субсидияланды. Қазір облыс бойынша орташа түсім – 14,6 центнер.
РУСЛАН ӨТЕБАЙ, ШАРУА:
— Жаз қатты ыстық болғандықтан, астық ерте пісті. Қазіргі таңда біз шаруашылықтағы алқаптың жартысын жинап үлгердік. Бидай 25 центнерден, ал арпа 35 центнерден айналуда. Ал жауын түскен алқаптарда өнім сәл жоғары.
Қыркүйек айынан бастап диқандар екіауысымдық жұмыс кестесіне көшеді. Әзір еш проблема жоқ. Жанар-жағармай қоры да жеткілікті.
ДӘУРЕН ТОҚҚОЖЫНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Орақ науқанын уақытылы өткізу үшін Үкімет тарапынан облысқа 61 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді. Оның литрі шаруаларға 309 теңгеден үлестірілуде. Бұл нарықтағы бағадан 30-40 процентке төмен. Жалпы, жағдай тұрақты. Арнайы жедел штаб жұмыс істеп тұр.
Өңірде сары алтынды қабылдайтын 45 элеватор бар. Оның жалпы сыйымдылығы 7 миллион тоннаға жуықтайды. Бұл бітік шыққан биылғы бидайды сақтауға жеткілікті.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.