Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Демалыс алаңы мен субұрқақты құтқару керек. Орал тұрғындары қаланың көрікті орындарының бірі – Президент алаңы мен сол жердегі субұрқақтың қазіргі жағдайына алаңдаулы. Бір кездері бұл нысан үлкен салтанатпен пайдалануға берілген еді. Ал қазір алаң мен субұрқақ әбден тозып, қирай бастаған. Шенеуніктердің айтуынша, мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстарымен шектелу жеткіліксіз, демек, қосымша қаржы қажет. Қала тұрғындарының сүйікті орны қашан бұрынғы қалпына келтіріледі? Тілшіміз жауап іздеп көрді. Бір кездері бұл жерге тұрғындар отбасымен серуендеп, субұрқақты тамашалауға келетін. Бүгінде орталық қараусыз қалған айдынға көбірек ұқсайды. Суы жап жасыл болып лайланып, қоқыс толған. Оралдағы демалыс аймағының сиқы осындай.
Ольга Рузняева, қала тұрғыны:
— Бұл алаң ашылған кезде қатты қуандық. Отбасымызбен келіп, серуендейтін едік. Субұрқағы жан жағына шашырап, керемет болатын.Ал қазір бұл жер иесіз қалғандай. Төселген тас кетік тіс құсап тұр. Субұрқақ жұмыс істемейді. Қалаға бұл нысан қажет емес сияқты.
Асқар Шайғұмаров, қала тұрғыны:
— Міне, біз өлімсіреп аққан субұрқақтың жанында тұрмыз. Осы жерді күтіп ұстауға қанша ақша жұмсалады? Миллиондаған, мүмкін миллиардтаған қаржы? Соңғы кезде бұл жерге көп келе бермеймін. Өйткені не үшін көңіл күйімді түсіруім керек?
Алаң осыдан 10 жыл бұрын салтанатты түрде ашылған. Темір сымы сыртына шығып, тас жиектері құлап жатыр. Ал субұрқақ былтырдан бері жұмыс істемейді. Ал кезінде осы алаңды салуға қала бюджетінен бір жарым миллиард теңге жұмсалған.
Мейірбек Қажғалиев, Демалыс саябағы дирекциясының басшысы:
— Ағымдағы жөндеу. Одан да күрделі жөндеу жасаған дұрыс. Өйткені, брусчатканың бәрі бүлінген. Жарықты ауыстыру керек, орындықтың бәрі дерлік сынған. Қоқыс жәшігі де сондай күйде.
Биыл Демалыс саябағы дирекциясы нысанды жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді жоспарлап отыр. Содан кейін ғана күрделі жөндеуге қаржы бөлу мәселесі қаралады. Ал Оралдың көрікті әрі демалыс аймағының бірі күн өткен сайын ажары кетіп барады.
Айзат Тұрғынбекқызы, Зульфия Ускенбаева,Олег Писаренко
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.