Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Сабақтың басталуына санаулы күн қалды. Біздің тілшіміз базар аралап, бір баланы киіндіру бағасын бақылап шықты. Ал жоқ-жітігі көп отбасы үшін қандай көмек қарастырылған? Ата-ана тағы қандай шығынға дайын болуы керек? Көрейік. Дәптер, қалам, мектеп формасы, сөмке – бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Баласын мектепке дайындау – барлық ата-ананы күтіп тұрған маусымдық сауда. Бірі керек-жарағын әлдеқашан алып қойса, енді бірі әдеттегідей соңғы сәтке қалдырған. Мектеп құралының бағасы өндірушіге, сапаға және, ата-ананың талабына байланысты. Ең арзан тауар таңдағанның өзінде, екі оқушыға қажетті кеңсе құралына 20 мың теңге жұмсалды.
Аяна Баисова, сатушы:
— Ата-аналар көбіне соңғы сәтте жиналады. Меніңше, бұл жалақының жиырма бесінен кейін берілуіне байланысты. Ай бойы келіп, қажетті заттарын алып жатады, бірақ негізгі сауда айдың соңында қызады. Егер сапалы кеңсе тауарлары мен сөмке алатын болсаңыз, шамамен 25 мың теңге кетеді. Бірінші сыныпта оқу құралдары көп қажет болғандықтан, шығын да көбірек болады. Ал бала өскен сайын киімге кететін қаражат артады.
Мектеп формасы мен аяқ киім жалпы шығынды айтарлықтай көбейтеді. Жейде, шалбар, жилет, спорттық киім, ауыстыратын аяқ киімді тәжірибелі ата-ана ерте алып қоюға кеңес береді.
Евгений Фетисов, қала тұрғыны:
— Ең көп шығын киімге кетеді. Кеңсе тауарларын Қытайдан жеңілдікпен тапсырыс беруге болады. Ал киімнің сапалысын алған дұрыс. Өзіміз күзгі және қысқы киімдерді жазда алып қоямыз. Бұл – өзіміз қолданатын лайфхак. Ең бастысы – алдын ала ойластырып алу. Сонда аса қымбатқа түспейді.
Ал жоқ-жітігі көп отбасы үшін қолдау бар. Ол үшін өтініш жазу керек. Өтініш 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Қаржыны тек мектеп формасына, аяқ киімге және оқу құралына жұмсауға болады. Бағдарламаға жалпы 23 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Республика бойынша шамамен 450 мың оқушыға қолдау көрсетіледі.
Толқын Исақова, ҚР ОАМ бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
— Биыл бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері – 50 851 теңге. Кей өңірде төлем мөлшері бұдан да жоғары болуы мүмкін. Өткен жылмен салыстырғанда ең төменгі көмек көлемі 10 пайызға өсті.
Әрине, мектепке дайындық – әр отбасы үшін әртүрлі. Бәрі қайдан және қандай тауар сатып алатыныңызға байланысты. Біздің есебіміз бойынша, бір оқушыны мектепке дайындауға орта есеппен 100 мың теңге жұмсалады. Алайда кез-келген талғам мен қалтаға сай тауар табылады. Ал шығынды азайтқыңыз келсе, қажетті заттың басым бөлігін сұраныс артпаған кезде алдын ала алған жөн.
Әлфия Хайдарова, Берік Нұрсалимов
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.