Құрылтайдың бірінші отырысында Президент не айтты?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ел тарихындағы алғашқы Құрылтай жұмысын бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға «қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес» деп, бірден саяси әрі моральдық меже қойды. Мемлекет басшысы жаңа құрамның алдында тұрған міндеттерді атап, халықтың сенімін ақтау, ең алдымен, нақты нәтижемен өлшенетінін айтты. Президент ұсынып, депутаттар дауыс беріп, Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жыл сайын жұмысын қыркүйекте бастайтын Парламент биыл күзді күткен жоқ. Құрылтай сайлауы өте сала, бір аптаға жетпей Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашып берді. Жаңа сайланған депутаттарға Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа міндет жүктеді.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттары бүгін ант қабылдап, Мәжілістен мұраға қалған орынға жайғасып, жұмысқа кірісті. Үгіт кезінде ауыл-ауылды аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған өкілдерге енді сол сұрақтарды шешудің жолын табу керек. Президент депутаттарға жауапкершіліктің сайлаумен бітпейтінін еске салды. Әсіресе Құрылтайда көп мандатқа ие болған «Әділет» партиясына артылар жүк ауыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет.
Президенттің сөзінше, депутаттардың жұмысы сөзбен емес, елдегі өзгерістермен бағаланады. Реформа халықтың өміріне әсер етсе, нәтиже бар. Әсер етпесе, есеп беретін де солар. Ал Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі – заң шығару ісін жүйелеу. Заң көп болғаны емес, сапалы болғаны маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет. Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.

Президент Құрылтай депутаттары кімді сайлап, кімді қызметінен босата алатынын да айқындады. Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.
Әлеуметтік желі мәселесіне келгенде Президент нақты ұсынысты қолдайтынын білдірді. 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде аккаунт ашуына тыйым салу мәселесін Құрылтай қарауы тиіс. Бұл – ата-ана, қоғам және мемлекеттің жауапкершілігі түйісетін тақырып. Мемлекет басшысының пайымынша, цифрлық ортадағы баланың қауіпсіздігі де заңмен қорғалуы керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.
Президент тағы бір маңызды ұстанымды айтты: мемлекет мақсатшыл, табанды әрі еңбекқор азаматтарға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Ал тарих мәселесінде ұстаным бұдан да анық. Өткенді білу керек. Бірақ өткенмен өмір сүруге болмайды. Мемлекет басшысы ескілікті аңсамай, алға ұмтылуға шақырды. «Ұлттық тарихты күмәнді деректермен бұрмалап, халықтың жадын улауға жол жоқ», — деді. Сессияда Құрылтай төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева оның орынбасарлары болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал