Енді Алматы көшелерін жобалауда басты назар жаяу жүргіншіге аударылады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Алматы көшелерінде жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым өзгеріп келеді. Қауіпсіз аймақ, кеңейтілген тротуар мен диагональды өткел көбейіп жатыр. Урбанистердің айтуынша, енді қала көшелерін жобалауда басты назар көлікке емес, жаяу жүргіншіге аударылады. Алматыда жаяу жүру қаншалықты ыңғайлы әрі қауіпсіз бола түсті.
Бұл – Таймс-сквер де, Токио емес, Алматының көшелері. Бүгінде мегаполисте дәл осындай жеті диагональды жаяу жүргіншілер өткелі бар. Олар көлік қозғалысы ең тығыз қиылыстарда орналасқан. Мұндай шешім жолды қысқартып қана қоймай, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін де арттырады. Ал қала тұрғындарының айтуынша, көлік көбейгенімен, Алматы көшелерінде жаяу жүру бұрынғыдан әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз бола түскен.
Бірақ жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы тек диагональды өткелдермен шектелмейді. Қала көшелерінде қауіпсіз аймақ пен тротуардың кеңейтілген бөлігі де пайда болып жатыр.
ӘДИЯ ҚАРСЫБЕК – УРБАНИСТ:
— Осындай тротуардың кеңейтілген бөліктері қиылыстағы жаяу жүргінші жолын қысқартуға көмектеседі. Тиісінше адам жолдан өтіп үлгермесе, қауіпсіз аймақта аялдап, демала алады. Ол жер бордюрлермен қоршалған, яғни жай ғана жолақ сызып қойған жер емес. Оның өзіне арналған жеке кеңістігі бар.
Жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылыммен қатар, қаланың өзі де өзгеріп келеді. Көше мен алаң абаттандырылып, арнайы веложол салынып, баршаға қолайлы орта қалыптасып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, көшелерді жобалау кезінде бірінші кезекте жаяу жүргіншінің еркін әрі қауіпсіз жүруі маңызды.
АСЛАН ҚАНДЫҒҰЛОВ, УРБАНИСТИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Бірінші кезекте жаяу жүргіншілерге басымдық беріледі, екінші орында – микромобильдік көлік түрлері, үшінші – қоғамдық көлік, ал соңғы орында – жеке автокөлік. Бұның бәрі қала барынша қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін жасалады. Байқасаңыздар, барлық жаңа жобада міндетті түрде веложолдарды қарастырамыз. Сондай-ақ кез келген тұрғын еш қиындықсыз жүріп-тұруы үшін кедергісіз орта жасаймыз. Жалпы бұл – әлемдік үрдіс және Алматыда да белсенді түрде ілесіп келеді.
Урбанистердің айтуынша, мегаполистегі өзгерістер тек ауқымды жобаларға байланысты емес. Кейде жаяу жүргіншілер өткелін қысқарту, қауіпсіз аймақ немесе жаяу жүргіншілерге көбірек орын босатудың өзі жеткілікті. Осындай шағын өзгерістің өзі қала тұрғындары үшін пайдалы әрі тиімді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал