Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Вице-президент және Премьер-министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынды. Бұл үдеріс Конституцияның 46-бабына сәйкес жүргізілді.
Қазақстанның жаңа саяси жүйесінде алғашқы кадрлық таңдау жасалды. Президент Құрылтайға екі маңызды лауазымға екі кандидат ұсынды. Бірі – Вице-президент. Екіншісі – Үкімет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Вице-президент кандидатурасын жариялады. Бұл лауазым – жаңа Конституция бойынша мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды буын. Вице-президент билік тармақтарының арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Құрылтаймен де, Үкіметпен де жұмыс істейді. Президент тапсырған міндеттерді жүзеге асырады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынамын. Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын.
Құрылтайдың 145 депутатының 141-і Президенттің ұсынысын қолдап дауыс берді. Төртеуі қалыс қалды. Қарсы болғандар жоқ. Вице-президент болған Ерлан Қарин алғаш рет сөз алды.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбегімді аямай, бар күшімді салуға уәде беремін.
Ал Үкіметтің тізгіні әзірге өзгермейді. Құрылтайдағы партия фракциялары жетекшілерінің пікірін ескерген Президент Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновті қайта ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ол – мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді. Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаны қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істелуі керек.
Бектеновке енді бұрынғы жұмыстың жалғасын ғана емес, жаңа саяси жүйедегі Үкіметтің тиімділігін көрсету міндеті жүктеліп отыр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз. Бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысының өсуін ынталандыра отырып, инфляция деңгейін төмендетеміз.
Осылайша, мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі тұлғалары анықталды. Бір жағында, Президентпен бірге стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын Вице-Президент. Екінші жағында, ел экономикасы мен күнделікті басқару жұмысына жауап беретін Үкімет. Енді Олжас Бектенов министрлер кабинетін жасақтайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.