Оралдық бағбан жергілікті климатқа төзімді алма сорттарын сынақтан өткізіп жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Оралдық бағбан алма бақтарын қайта қалпына келтіріп жатыр. 2024 жылы болған алапат су тасқыны кезінде ағаштарға айтарлықтай зиян келіп, бақтағы өсімдіктердің басым бөлігі бүлініп қалған. Кәрімовтер отбасы қазір жеміс-жидектің түрлі сұрыптарын жергілікті климатқа бейімдеп, жаңа түрлерін сынақтан өткізіп жатыр.
Оралда бір кездері 750-ден астам алма бағы болған. Осы мұраны кейінгі ұрпаққа сақтап қалу үшін Кәрімовтер отбасы тынбай еңбек етуде. Ерлі-зайыпты Қайрат пен Роза 2015 жылдан бері алма сорттарының бірегей коллекциясын жинай бастаған. Алайда 2024 жылғы болған алапат тасқын кезінде тәлімбақ су астында қалып, мұндағы ағаштар жаппай бүлінген.

ҚАЙРАТ КӘРІМОВ, БАҒБАН:
— Мұнда 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Содан бері 200 түрлі алма сортының аса құнды генетикалық қоры жиналды. Өкінішке қарай, 2024 жылы көптеген сорт бүлініп кетті. Өйткені ағаштар 2,5 ай бойы суда тұрды.

Қазір бағбан ғылыми-зерттеу институттары және ботаникалық бақ мамандарымен күш біріктірді. Мақсат – сорттарды көбейтіп, жергілікті климатқа төзімді алма түрін анықтау.

Мұндағы коллекция тек алма ағаштарымен шектелмейді. Бақта дәмі тіл үйірер жүзімнің 200-ге жуық түрі өсіріледі. Бұдан бөлек, сирек кездесетін жеміс ағаштары мен сәндік өсімдіктер де бар. Роза Кәрімованың ерекше қызығушылығы – бөртегүл. Коллекцияда әлемдік селекцияның ең үздік сорттары жиналған.

РОЗА КӘРІМОВА, БАҒБАН:
— Біз бұл коллекцияны селекциямен айналысып, жаңа сорттар шығару үшін жинадық. Бұл – таңғажайып генетикалық қор. Алдағы уақытта өзіміз мақтана алатын жаңа сорттарды шығарамыз деген үміттенеміз.

Қазір ерлі-зайыптылардың коллекциясында өсімдіктердің 3 мыңға жуық сорты бар. Мұнда жөке, терек, шетен, мойыл, бұтаның ондаған түрі, раушан гүлдері және талдың 50-ден астам сорты өседі.

ҚАЙРАТ КӘРІМОВ, БАҒБАН:
— Үлкен арманым бар. Соған ақырындап қадам басып келе жатырмын. Болашақта дендросаябақ құрсақ деймін. Ал оны «Достық бағы» деп атағым келеді.

Қайрат пен Роза Ақжайық атырабын жасыл желекке айналдырып, кейінгі ұрпаққа қалатын коллекция жасамақ. Осылайша бағбандар болашақта Оралдың айналасын қайтадан жүздеген алма бағына айналдырмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал