Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қазақстан 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарында ат спорты бойынша қайта бақ сынайды. Бұл туралы ат спорты федерациясының вице-президенті мәлімдеді. Елордадағы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасы Кубогы аяқталды. Екі күнге созылған республикалық жарысқа үздік шабандоздар қатысты.
Жарысқа ерлер мен әйелдер бірдей қатысты. Кубок бағдарламасына алты маршрут енгізілген. Басты сынақ – кедергілерден өту. Жарысқа қатысушылардың ең жасы 16-да.
АБЗАЛ АРЫНБАЙ, СПОРТШЫ:
— Ешқандай кедергі қиынға соққан жоқ, секіріп жатқан ат 4 жасар. Көп тәжірибесі жоқ. Ең соңғы барьерді ғана құлатып кетті, дегенмен өзімнің көңілім толды.
Ұйымдастырушылар бұл жолғы маршрут күрделі болғанын айтады. Кедергі саны да артқан.
АЛУА ИШЕЕВА, ҚР АТ СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Бүгін спортшыларымыз үшін күрделі маршрут қойылды. Бұл оларды келешекте шетелдегі жарыстарға дайындау үшін жасалып отыр. Бұрын жарыстарда 10 кедергі болатын. Енді олардың саны 12-ге жетті. Бұл жолы маршрутта тіпті «қабырға» да бар. Ат пен шабандоз үшін бұл – өте күрделі сынақ.
Конкурмен алты жылдан бері айналысып жүрген Әсия Данияр бұл спортты психологиямен байланыстырады. Айтуынша, жылқы – тірі жануар. Сол себепті ол қобалжуды да, қорқынышты да сезеді. Яғни, әр жарыста ат аяқ асты үркіп, оғаш мінез танытуы мүмкін.
Екі күндік жарыс тартысты өтті. Сайыс барысында шабандоз бен жылқы арасындағы үйлесім, сенім және кәсіби дайындық шешуші рөл атқарды. Үздік шыққандарға ақшалай жүлде және бағалы сыйлық берілді. Енді Қазақстан құрамасы алдағы халықаралық жарыстарға дайындалады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.