Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Елордада қасбеті опырылып, фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйдің тұрғындары тағы да төтенше жағдай қайталана ма деп алаңдайды. Олардың айтуынша, басқа кіреберісте жаңадан жарықтар пайда болған. Тұрғындар: «Ғимарат конструкциясы қайтадан шыдас бермей қалуы мүмкін», — дейді. Осыған байланысты үйді жөндеуге шұғыл қаражат бөліп, қауіпті учаскелерді қалпына келтіруді талап етіп отыр.
КОНСТАНТИН КОСТЕНКО, ТҰРҒЫН:
— Мына жарық өткен аптада ғана пайда болды. Жексенбі күні осыған байланысты ТЖД мамандарын шақырдық. Қазір техникалық қабаттағы жарықты да көрсетемін. Яғни мұның бәрін біз ойдан шығарып жатқан жоқпыз. Бізге мұны үйдің шөгуімен түсіндірді. Бірақ үй 21жыл бойы шөге бермейді ғой. Үйдің шөгу мерзімі – ең көбі үш жыл.
ЛИЛИЯ СӘРСЕНБЕКОВА, ТҰРҒЫН:
— Өздеріңіз білетіндей, 28 қарашада үйдің қасбеті опырылып, жас фельдшер Ұлдана қаза тапты. Енді билік біздің мәселемізге назар аудармай отыр. Біз күн сайын қауіппен өмір сүріп жатырмыз. Кез келген сәтте тағы да опырылу болуы мүмкін. Техникалық қорытындыда да үйдің апат алдындағы жағдайда екені көрсетілген.
АСТАНА Қ. «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ АППАРАТЫ:
«Әкімдік опырылу болған учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабырға техникалық қабат арқылы металл арқалықтармен қосымша нығайтылды. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта қайта опырылу қаупі жоқ. Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында ғимараттың екінші шетіне қорғаныш металл қалқа орнатылды. Қазіргі уақытта қасбетті кешенді жөндеуге қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр».
МАРИЯ САМСОНОВА, ТҰРҒЫН:
— Үйдің жанында балалар алаңы бар. Құлаған кірпіш оларға тимейтініне кім кепіл? Мысалы, менің балконымда да өте үлкен жарық бар. Бір күні балкон опырылса не болады? «2017 жылғы сараптама жасалды», — дейді. Біз ол туралы мүлде білмедік. Тек қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана сараптама барын білдік.
БАҚЫТГҮЛ ІЗТІЛЕУОВА, ТҰРҒЫН:
— Техникалық экспертиза көрсетті. Қателіктер үйді салған кезде болған, бірақ тек Жұбаниязоваға байланысты іс қозғалып жатыр. Неге үйді салған құрылыс мекемесі бойынша іс қозғалмаған? Неге сот болмай жатыр, соны біз түсінбейміз.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Дәл қазір тұрғындардың бірі айтқандай, үй құлауға дайын тұр. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, кірпіш опырылып, ілініп-салынып зорға тұр.
«Бұл кірпіштер құласа, мына жерде он шақты адам қаза табады», — дейді Бақытгүл Ізтілеуова. Түйткілді шешу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бірақ одан нәтиже жоқ.
БАҚЫТГҮЛ ІЗТІЛЕУОВА, ТҰРҒЫН:
— Біз он ай бойы мемлекеттік органдарға үйдің құлауы бойынша әртүрлі өтініш жазып жатырмыз. Ешқандай жауап жоқ.
Қалай дегенмен тұрғындар әзірге қауіпті баспанада өмір сүруге мәжбүр. Нақты шешім қашан қабылданатыны белгісіз. Апатты үйдің мәселесіне жауаптылар қашан нүкте қояды?
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.