Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Жанармай жыры біткен жоқ. Энергетика министрлігі өткен аптада «тексереміз» деп, мәселені бақылауға алғанымен, жағдай сол қалпы. Көлік иелері сапалы бензин іздеп жүр. Нашар жанармайдың кесірінен шығынға батқан жүргізушілер қайтпек? Ақшасын кімнен қалай өндіріп алады?
Алматының көлік жөндеу орталықтарында көлігінің бензин форсункасын тазартып жүрген кісі қарасы көп. Шеберлердің айтуынша, әсіресе жаңа көліктердің бензин жүйесі жаппай істен шығып жатыр. Мамандар: «Бұған жанармай сапасы бірден-бір себеп», — дейді.
ДӘУЛЕТ НҰРҚОЖА, ЖҮРГІЗУШІ:
— Форсункалары бітеліп қалады. Оның бәрі шығын. Шыны керек, бәріміз жаңа көлік алсақ та, кредитке аламыз. Ай сайын төлейтініміз бар. Біз АИ-92 құймай, АИ-95 жақсы деп соны құйып жүрміз. Соның өзінде бензиннің сапасы жоқ.
Жүргізушілер қазір бензинді қай жанармай құю бекетінен құйған дұрыс деп бір-бірінен сұрап, іздеп жүр. Көзге көрінген бекеттен құйса, көліктің чегі жанып, жүрмей қояды.
АҚАРЫС БАЙТЕН, КӨЛІК ЖӨНДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:
— Жаңа, ескі деп көлік таңдап жатқан жоқ. Барлық көлік бұзылып келіп жатыр. Су араласқан, моторынан ақау кеткен. Соның бәрін жөндеп жатырмыз. Бәрі бензиннің сапасына байланысты.
Көлік иелерінің шығыны аз емес. Жанармай жүйесін тазалауға орта есеппен 200 мың теңгедей кетеді. Кей жағдайда бұл сома 600 мың теңгеге дейін барады.
НҰРҒАЛИ ЖАРЫЛҚАСЫН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қазақстанның жақсы бензині экспортқа шығарылып, нашар бензин бізге сатылып жатыр ма деген күдік бар. Мысалы, жөндеуге кемі 20 мың теңгеден бастап әрі қарай шығын шығады.
Автосарапшы Алексей Алексеев жанармай мәселесінің нақты қайдан шыққанын әзірге дөп басып айту қиын дейді. Болжамның бірі – зауыттан сапасыз бензиннің белгілі бір партиясы тараған. Алайда жауапты органдар тексеру жүргізіп, жанармай сынамалары талапқа сай екенін мәлімдеді. Соған қарамастан, көлігі оталмай қалған немесе жолда өшіп қалған жүргізушілердің шағымы әлі де азайған жоқ.
АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ:
— Ең өкініштісі – қазір «осы жерден бензин құйсаңыз, жақсы болады» деп кепілдік беретін жанармай бекеті жоқ. Бірақ жақсы пікірлер де бар. Біреу: «Бензин құйдық, бір тәулік болды, көлік жақсы жүріп тұр», — дейді. Сондықтан қазір бұл бір лотерея сияқты болып тұр. АИ-95 халық ең көп пайдаланатын бензинге айналып бара жатыр. Өйткені жаңа көліктердің көпшілігі осы жанармайды құяды. Бұл мәселе қашан шешіледі, нақты қайдан шықты оны әзірге айту қиын.
Ал сапасыз бензиннің кесірінен көлігі бұзылған жүргізуші болған жағдайды бірден тіркеп, барлық дәлелді сақтап қалуы керек. Шығынды ауызша айтып қана қоймай, әр теңгені құжатпен бекіту қажет. «Сонда ғана жанармай бекетіне нақты талап қоюға мүмкіндік болады», — дейді заңгер маман.
БАУЫРЖАН АЗАНОВ, ЗАҢГЕР:
— Жанармай құю бекетінен сапасыз бензин құйып, көлігіңіз бұзылып қалса, бензинді төгіп тастамаңыз және басқа жанармай құймаңыз. Чекті сақтап қалыңыз. Көліктің ақауын көлік жөндеу стансасына тіркетіңіз. Жанармайдан сынама алып, оны аккредиттелген зертханада тексертіңіз. Егер сараптама бензиннің сапасыз екенін, ал техникалық қорытынды көліктің дәл сол бензиннен бұзылғанын растаса, жанармай құю бекетінен жөндеу шығындарын және келтірілген залалды өтеуді талап ете аласыз. Бірақ оны сот арқылы өндіріп ала аласыз.
Жанармайдың сапасына қатысты бүгінгі жағдайды сұрап, Энергетика министрлігіне сұрау салдық. Сапасына солар жауапты деп Сауда министрлігіне сілтеді. Ведомство өкілдері тексеру қорытындысы әлі шықпағанын мәлімдеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.