Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қырғыз жері маңызды халықаралық алаңға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-шы отырысына және «ШЫҰ +» форматындағы кездесуге қатысты. Бішкектегі басқосуда 10 мемлекеттің президенті сөз сөйледі. Кезекті саммите қандай тың ұсыныс айтылды?
Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Ұйымға мүше он елдің басшылары бас қосқан жиында қауіпсіздік, экономика, көлік-логистика және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның алдағы даму бағыттарына тоқталып, Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын қалыптастыруды жеделдетуді ұсынды. Мемлекет басшысы ұйымға мүше елдердің географиялық байланысын стратегиялық артықшылық деп атады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз.
Саммитте жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында ШЫҰ елдері бірлескен шешімдер әзірлеуі қажет екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды. Биыл еліміз Қытайдың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз.
Президент ШЫҰ-ны реформалау мәселесінің өзектілігін де атап өтті. Бұл бағыттағы жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды. Бішкекте өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.