Атырау туристер үшін тартымды өңірге айналып келеді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Атырау облысында туристік кластер қалыптасып келеді. Соңғы айдың өзінде Құрманғазы ауданындағы лотос алқабын 40 мыңға тарта турист тамашалаған. Жылыой ауданындағы «Ақкерегешың» борлы үстірті де көптің қызығушылығы арттырып отыр. Жыл басынан бері туризм саласына 22,3 млрд теңге инвестиция тартылған.
Жылыой ауданындағы «Ақкерегешың» бор таулары – табиғаттың қайталанбас туындысы. Әр шоқысы кереге іспетті. Ақкерегешың аталуы да содан. Ғалымдар бұл тау түзілісі миллиондаған жыл бұрынғы Тетис мұхитының табаны болған деген болжам айтады. Қалай дегенде де сыртқы ортаның әсері борлы жыныстарды осындай ерекше пішінге келтіріп, табиғат ғажайыбын жасаған. Ақкерегешыңның сұлулығын жылына 5 мыңдай адам тамашалайды.

РАХМАН АСҚАРҰЛЫ, ТУРИСТ:
— Бірінші көрген кезде ерекше сезім қалдырды. Мың рет естігеннен бір рет көрген артық демекші, көзбен көруге келдік. Бөлек сезім… Келгенімізге өкінбейміз, бәрі жақсы. Көңілімізден шықты.

Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы да өңірдің мақтанышына айналып келеді. 5 гектар аумақта жайқалып өскен гүлдер көздің жауын алады. Бас-аяғы бір ай ғана гүлдейтін лотосты көруге биыл 40 мыңға жуық адам келді.

БЕРІК ЕСЕНҒАЛИЕВ, ТУРИСТ:
— Қазақстандағы бірегей лотос өсетін теңіздің жағасындағы үлкен алқап. Туризмді дамытуға жақсы мүмкіндік. Бұл жерге жақсы траптар жасаған. Келіп көруге қайықтар ұйымдастырылған. Жалпы, табиғатты оңаша тамашалап кетуге керемет жер.

Өңірдің осынау көз тоймас ғажайыптары мен тарихи орындары туризмнің дамуына игі ықпал етуде. Жергілікті билік табиғат сыйын табыс көзіне айналдырып, туристік орындардың инфрақұрылымын жақсартуды қолға алған.

ДИНАРА ТОҚСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДСТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— «Сарайшық» қалашығына жол салынды. Ақкерегешың және Иманқара үңгіріне баратын «Атырау-Мұқыр» тас жолынан 50 шақырым жол салынды. Сонымен қатар Ақмешіт қорымына апаратын 50 км жол салынуда. Лотос алқабының танымдылығын арттыру мақсатында инфрақұрылым жұмыстары жасақталды.

ХІІІ-ХІV ғасырлардағы «Жайық жауһары» саналатын «Хан Ордалы Сарайшықтың» орнынан ашық аспан астындағы музей жасақталуда. Жыл басынан бері көне қаланы тамашалауға 3 мыңнан астам турист келген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал