«Ұмай» телехикаясы: күйеуінің құмар ойыны әйелді қылмыстық схемаға араластырды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Бір адам тәуелділікке ұшыраса, онымен бірге бүкіл отбасы да зардап шегеді. Ал қарыз, алдау және жақыныңды құтқаруға деген ұмтылыс кейде адамды заңды аттауға дейін итермелеуі мүмкін. Осындай оқиға желісі жаңа қазақстандық «Ұмай» телехикаясында баяндалады. 10 бөлімнен тұратын драма қазірдің өзінде Freedom Кино және ТВ онлайн-кинотеатрында көруге қолжетімді.
«Ұмай» сериалының басты кейіпкері – адал еңбекпен күн көріп жүрген есепші. Оның бірқалыпты өмірі күйеуінің құмар ойынға тәуелділігінен кейін күрт өзгереді. Отбасы қарызға батып, қиындық күн сайын көбейе түседі. Жақындарын аман алып қалудың жолын іздеген әйел ақыры қауіпті қаржылық схемаға араласып, өзі де қылмыстық ойынның бір бөлшегіне айналады.

ӘЛІБЕК АБДУХАЛЫҚ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЁР:
— Меніңше, адамды өз жарына сенгені, сүйгені немесе онымен бірге болуға тырысқаны үшін кінәлауға болмайды. Біздің оқиғада да, өмірде жиі кездесетіндей, өмірлік серігің бір сәтте қателесуі мүмкін. Ал сырттан қарап тұрған бізге, ең алдымен, жанашырлық таныту ғана қалады. Мені қуантатыны, осындай жағдайды бастан өткерген адамдар өздерінің жанайқайын біреудің еститінін сезінеді. Олардың қайғысы осындай көркем туындылар арқылы көрініс тауып, үнсіз қалмайды.

Бұл оқиға режиссерге де өте жақын. Кезінде дәл осындай жағдайды оның анасы бастан өткерген. Сондықтан сериалда тек құмар ойынға тәуелділік емес, адамның өз таңдауы мен жауапкершілігі де басты тақырыптың бірі ретінде көрініс табады. Ал басты рөлді сомдаған Динара Бақтыбаева мұндай оқиға өзіне де бөтен емес екенін айтады.

ДИНАРА БАҚТЫБАЕВА, БАСТЫ РӨЛДІ СОМДАУШЫ:
— Бұл оқиға маған өте жақын. Осындай қарым-қатынастан шығудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Әйел адам үнемі біреуді құтқаруға тырысып жүріп, өзін, өз өмірін ұмытып кетеді. Менің кейіпкерім де, өкінішке қарай, лудоманияның ең ауыр салдарымен бетпе-бет келеді. Бір сәтте ол есін жиып, өз өмірін қолға алу керегін түсінеді. Біреуді құтқаруды доғарып, ең алдымен, өзін құтқарудың уақыты келгенін ұғынады.

Туынды авторлары «Ұмай» көрерменнің жүрегіне бірден жол тапқанын айтады. Көпшілік сериалдан өз өміріне таныс жағдайларды көргенін жеткізуде. Жақынын құтқаруға тырысу, қарыз бен тәуелділіктің бүкіл отбасыға әсері – туындының негізгі өзегі. Ал басты сұрақ: өзін өзгерткісі келмейтін адам үшін әйел қашанға дейін өзін құрбан етуі керек? 10 бөлімнен тұратын «Ұмай» драмасын қазір Freedom Кино және ТВ-дан көруге болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал