Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қазақстанда Министрлер кабинеті жасақталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшылығы мен құрамындағы кадрлық тағайындауларға қатысты бірқатар Жарлыққа қол қойды. Ведомство басшыларының басым бөлігі өз қызметтерін сақтап қалды. Дегенмен жаңа тұлғалар да бар.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Премьер-министр Олжас Бектенов басқаратын Министрлер кабинетінің жаңа құрамы жасақталды. Сыртқы істер министрі қызметіне 30 жылдан астам дипломатиялық тәжірибесі бар Мұхтар Тілеуберді оралды. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігін енді Арман Қырықбаев басқаратын болды.
Жалпы, жаңа министрлер кабинетінде бірқатар ведомство басшысы қызметтерін сақтап қалды. Атап айтқанда, Ержан Саденов Ішкі істер министрі болып қалды. 2025 жылдың қыркүйегінен бері осы қызметті атқарып келе жатқан Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі қызметін жалғастырады. Сонымен қатар Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметіне қайта тағайындалды. Нұрлан Сауранбаев та Көлік министрлігін басқаруды жалғастырады.
Бұдан бөлек, Ақмарал Әлназарова да Денсаулық сақтау министрі қызметін сақтап қалды. 2024 жылдың ақпанынан бері ведомствоны басқарып келе жатқан Мәди Такиев те Қаржы министрі қызметінде ары қарай жұмыс істей бермек. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да қызметтеріне қайта тағайындалды. Өзгертілген үкімет құрамынан не күтеміз? Саясаттанушы пікіріне құлақ асайық.
ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Біріншіден, Президент дауыс беру күні Үкіметтің жұмысына көңілі толатынын және тек жекелеген кадрлық өзгерістер болатынын нақты айтқан еді. Бүгін сол өзгерістер жүзеге асты. Жалпы алғанда, бұл тағайындаулардың логикасы түсінікті. Министрлердің басым бөлігі меритократия қағидаты бойынша қызметтік жолдан өткен. Мысалы, Төтенше жағдайлар министрлігіне бұған дейін де осы жүйеде жұмыс істеген адам келді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне кәсіби тәжірибесі мол, идеологиялық бағытта жұмыс істеген маман тағайындалды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де бұған дейін осы министрлікті басқарған. Бұл тағайындаудың да логикасы түсінікті.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Вице-премьерлерге тоқталар болсақ, алты адамның бесеуі қызметінде қалды. Президент Жарлығымен Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне қайта тағайындалды. Ал Ғалымжан Қойшыбаев Үкімет Аппаратын басқаруды жалғастырып, Премьер-министрдің орынбасары қызметін де бұрынғыдай қатар алып жүреді.
Өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселелеріне жетекшілік еткен Қанат Бозымбаев та Премьер-министрдің орынбасары қызметін сақтап қалды. Серік Жұманғарин де Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметін жалғастырады.
Жаслан Мәдиев те Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне қайта тағайындалды. Осылайша, қайта жасақталған Үкімет құрамы 16% жаңарды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.