СҚО-да жер үйлерге улы газды анықтайтын дабылқаққыш орнатылып жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Солтүстік Қазақстан облысында жер үйлерге улы газды анықтайтын дабылқаққыш орнатыла бастады. Мұндай құрылғы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін қойылып жатыр. Жыл басынан бері аймақта 277 өрт болып, 24 адам қаза тапқан.
Анаргүл Мырзаханова – көпбалалы ана. Баспанасын көмірмен жылытады. Көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл құрылғысын орнатуға келгендерді қуана қарсы алды. «Өйткені қауіпсіздік бірінші орында болуы тиіс», — дейді ол.

АНАРГҮЛ МЫРЗАХАНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
— Жер үйде тұрып жатқанымызға 30 жылға жуықтады. Алты баламыз бар. Әрі атамыз бірге тұрады. Кейде үйде ересектер болмай қалады. Сондықтан өрт қауіпсіздігі бойынша осындай рейдтің жүргізілгені дұрыс. Әсіресе көпбалалы отбасылар үшін бұл аса маңызды деп есептеймін.

Жылыту маусымы қарсаңында өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлерін аралап, пеш пен электр сымдарының жай-күйін тексереді. Қажет болса, мұржаны тазалауға жәрдемдеседі. Жалпы өңірде қазір 5 мыңнан астам үй есепке алынған. Онда 19 мың адам тұрып жатыр.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңінде үйлердің барлығын аралаймыз. Қандай да бір кемшілік анықталған баспаналарды кейін тағы тексереміз. Бұл қауіптің алдын алу жұмыстары енді жылыту маусымы аяқталғанша жалғасады.

Жыл басынан бері өңірде 277 өрт оқиғасы болып, 24 адам қаза тапты. Оқыс оқиғалардың дені жеке секторда болған. Былтырмен салыстырғанда өрт 11 процентке азайғанымен, адам өлімі азаймай отыр. Сондықтан, құтқарушылар қауіпсіздік қағидаларына бейжай қарамау керектігін ескертеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал