Ақтөбе іргесіндегі ауылда зауыт құрылысы басталғалы жол сапасы нашарлаған

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ақтөбе іргесіндегі Қызғалдақты елді мекен халқы шу шығарды. Тұрғындардың айтуынша, рельс дәнекерлеу зауыты салына бастағалы жол сапасы нашарлап кеткен. Құрылыс алаңына күн сайын ауыр жүк көліктері мен арнайы техника ағылады. Салдарынан айналаны шаң басып, аллергиясы бар адамдар зардап шегіп отыр.
Қызғалдақты тұрғын алабы азаматтарынан былтырдан бері маза қашты. Ауыр жүк көліктері мен арнайы техника елді мекенге кіріп-шығатын жалғыз жолмен жүреді. Салдарынан ой-шұңқыр көбейіп, афальт бүлінген.

ЗИНА ЖАҚАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біз әкімдікке, тіпті облыс әкіміне де арыз жаздық. Зауытқа да бардық. Зауыттағылар: «Не істесеңіздер соны істеңіздер, мен сіздердің жолдарыңызды жөндеп бермеймін», — деп отыр. Негізі жолдың бәрін осы кісілер бүлдіріп бітті.

Тұрғындардың айтуынша, көтерілген шаң кешке дейін басылмайды. Терезе мен есікті ашу мүмкін емес. Балаларын далаға шығарып, ойын алаңына жіберуге де алаңдайды. Өйткені жүк көлігі ауыл ішімен жүйткиді. Әсіресе аллергиясы бар жандарға оңай болмай тұр.

ІНЖУ ҚУАНЫШБАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— 2008 жылдан бері есепте тұрамын. Шаңнан демалу мүмкін емес. Жазда шаңның кесірінен аллегриям қайта қозып бастады.
Бұқара базынасын әкімдікке жеткізу үшін талай рет хат жазған. Бірақ жауап ала алмапты. Ал бізге әкімдік өкілі телефон арқылы мәлімет берді.
АЛМАТ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ УРБАНИСТИКА ЖӘНЕ ЖЕР МОНИТОРИНГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жер учаскесі 2024 жылы берілген. 2024 жылы құрылыс салуға рұқсат қағаздарын алған. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жер учаскесіне барып, тұрғындармен сөйлесу барысында шағымдары айтылды. Әлі де зауыттың өкілдерімен және құқық қорғау органдарымен мән-жайын анытаймыз. Ары қарай шараларын қолданамыз.

Ал құрылысқа жауапты компания өкілдері барлық жұмыс заң аясында жүргізіліп жатқанын айтады.

КОНСТАНТИН ФЁДОРОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:
— Инертті материалдар әкелетін жеткізушілер көп. Ауылдың ішіне кіріп кететін жағдайлар болады. Салдарынан шаң көтеріледі. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Бұл – табиғи жағдай. Кейде су себеміз. Бірақ одан нәтиже болмай тұр.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа кәсіпорын үйлерге тым жақын салынып жатыр. Бірақ қазіргі мәселе бұл емес. Ең алдымен, ойдымға айналған ауылдағы жалғыз жолды қалпына келтіруді талап етіп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал