Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Баспана саудасы кезінде алыпсатардың арбауына түсіп қалу оп-оңай. Алдамшы риелтордың құрығына ілігіп, ақшадан да, үйден де айырылып қалмаңыз. Олармен келісімшартқа отырарда не нәрсеге мән беру керек?
Баян Темірболатова төрт жылдан бері Екібастұздағы шаштаразын сата алмай жүр. Биыл қыс басында риелтордың көмегіне жүгінген. Бірақ келісімшартқа қол қойғаннан кейін қолы байланған.
БАЯН ТЕМІРБОЛАТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Олар: «Сайтқа жарнамасын береміз», — деді. Келісімшартқа отырдық. «Жарты жылдың ішінде бізсіз сатып жіберуге құқыңыз жоқ. Егер сатып жіберсеңіз, біздің процентті қалай болса да, төлейсіз», — деді. Содан ештеңе істемей, хабарландыру бермей отырдым.
Мұндай жағдай қазір риелтормен келісімге келген көп адамның басынан өтіп жатыр. Әлеуметтік желідегі «Пәтерді сатқаны үшін риелтор екі жақтан да комиссия алды», «Үйімді өзім саттым, сонда да риелторға ақша төлеуге мәжбүр болдым», «Риелтордың рұқсатынсыз пәтерді сата алмадым» деген сияқты шағымдардан көз сүрінеді. «Мұның бәрі – екі арадағы келісімшартты дұрыс оқымаудың салдары, — дейді заңгерлер.
НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, АДВОКАТ:
— Риелторлар қазір, мысалы, үлкен қалаларда Алматы, Астана, Шымкентте эксклюзивті келісімшарттар жасайды. Қарапайым халық «эксклюзивті, жақсы екен, аты күшті екен» деп ойлайды. Бірақ эксклюзивті келісімшарттың жасырып қойған бір бөлігі бар. Эксклюзив келісімшартта сіз басқа біреумен жұмыс істей алмайсыз. Соған мән беруді сұраймын.
Риелтор қандай жұмыс атқаруға міндетті? Ал қызметінен бас тартқыңыз келсе, келісімшартты бұза аласыз ба? Осының бәрі құжатта нақты жазылуы керек. Риелтор «пәтерді көрсетіп бердім», «апарып келдім» деп ақша сұрай алмайды. Қандай қызметке қанша төлейтініңіз келісімшартта тайға таңба басқандай көрсетілуі тиіс. Заңгерлердің тағы бір кеңесі – келісімшарт мерзімін таңдауда қателеспеу.
НАДИЯ БҮРГЕҒҰЛОВА, АДВОКАТ:
— Келісімшарт мерзімін анықтап алыңыз. Бір, екі ай, әрі кетсе үш айға жасауды кеңес етемін. Одан артық емес. Егер, мысалы, бір айдың ішінде мүлкіңіз сатылмаса, үш күннің ішінде келісімшарт бұзылады деп алдын ала келісу керек.
Бірақ мәселе тек тұтынушының келісімшартты дұрыс оқымауында емес. Нарықтың өзінде де ортақ тәртіп жоқ. Қазір әр риелтор өзіне ыңғайлы шартпен жұмыс істейді. Бірінде бір талап, екіншісінде басқа. Және мұны ешкім қадағалап отырған жоқ.
ӘСЕТ АЙТБАЕВ, PANA ҰЛТТЫҚ РИЕЛТОРЛАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қандай да бір ортақ келісімшарт жоқ. Қазір әр риелтор біреуден қалған келісімшарт үлгісімен жұмыс істеп жатыр. Әркім оған өзінің шартын қосып, өзгертеді. Сондықтан біз қазір типтік келісімшарт үлгісін құруды ойластырып отырмыз. Оған өзгеріс енгізуге мүмкіндік болады. Бірақ типтік келісімшарттың бір бөлігін алып тастауға болмайды деген талап қосылуы мүмкін.
Риелторлардың типтік келісімшартының үлгісі жақын арада дайын болуы тиіс. Өйткені Құрылтай депутаты Олжас Құспековтың айтуынша, «Риелторлардың қызметі туралы» заң жобасының Үкімет қорытындысы шығып, Құрылтайға жіберілген. Енді онымен жұмыс тобы айналысады. Депутат риелторлар қызметінде эксклюзивті келісімшарт деген ұғымды жою керек деп есептейді.
ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Міндетті түрде заңның өзгерісі енген кезде типтік келісімшарт режимі қосылуы керек. Одан кейін риелторлардың өзін-өзі реттеу ұйымы, риелторлардың ұлттық реестрі құрылуы керек. Ол ұлттық реестерге кіру шарттары болады: міндетті түрде білімінің болуы, бұрын сотталмауы, алаяқтық секілді баптармен жауапқа тартылмауы.
Комиссия мөлшері де қаралады. Депутат оның көлеміне лимит қою қажет деп санайды. Заң жобасын әуелі жұмыс тобы, содан кейін Құрылтай қарайды. Депутаттар мақұлдаса, жыл соңына қарай риелторлар қызметін реттейтін жаңа заң қабылданып, нарық тәртіпке келеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.