Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Астанадағы «Сова» балабақшасында болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тәрбиеші кішкентай қызға күш қолданды деген күдік бар. Бала үйге келген соң болған жағдайды ата-анасына айтып, тіпті видеоға түсірген. Қазір істің мән-жайын полиция анықтап жатыр.
Бұл – төрт жасар Раяның жұмыста жүрген әкесіне жіберген видеосы. Бүлдіршін 2 қыркүйекте «Сова» балабақшасына барған. Анасының айтуынша, қыз сол күні үйге жарақатпен келген.
ЕРКЕНАЗ КӨШКІНБАЙ, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Сағат онның шамасында тәрбиеші маған хабарлама жазды. «Қызыңыздың мінезі боран екен. Мені тыңдамады. Мен ұрыстым, үйге барғанда шошып қалмаңыз», — деді. Мен: «Жарайды, рақмет», — деп жұмысымды әрі қарай жасап жаттым. Содан кейін кешкі сағат алтылар шамасында үйге развозкамен келді, күтіп алдық. Бетін қарасам, көгерген іздер бар. Қызымнан не болғанын сұрасам: «Апай мені жағымнан соқты», — дейді. Оны үлкен қызым растады.
Анасы баланы бірден №2 қалалық балалар ауруханасына апарған. Дәрігерлер қарап, бүлдіршіннің беті мен маңдайы соғылған деген қорытынды жазып берген. «Бұл оқиғадан бала қатты қорқып қалған», — дейді анасы. Қазір бақшаға бармай жүр.
ЕРКЕНАЗ КӨШКІНБАЙ, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Психологқа көрсетем бе деп отырмын. Себебі түнде шошынады. Дәретін жіберіп қояды, мұндай нәрсе ешқашан болмаған. Сарайшық ауданындағы полицейлер де жылы жауып қойғысы келді. Бейнежазбаны көрсетуін талап етемін. Бұл іс жылы жабылып қалмаса екен деймін. Балабақшадағы басқа балалар зардап шекпесе деймін.
Жанжалдың жай-жапсарын білейік деп балабақшаға бардық. Тәрбиеші әлі жұмыс істейді екен. «Бірақ болған жайды тергеушіге айттым», — деп бізге түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Тәрбиеші бұл мекемеге бір ай бұрын ғана ауысып келген. Көп жылдық тәжірибесі бар маман баланы ұрды ма, жоқ па – полиция анықтайды. Кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
АРУЖАН БЕКТАСОВА, АСТАНА ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Аталған факті бойынша «Сарыарқа» ауданының Полиция басқармасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, оның ішінде оған қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Тергеу бітіп, сараптама нәтижесі шыққан соң, баланың ата-анасы істі сотқа дейін жеткізуге бекініп отыр. Сондай-ақ кішкентай Раяға басқа балабақша іздеуге мәжбүр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.