Арыста мас күйде көлік жүргізіп, үш адамның өмірін қиған әйел 9 жылға сотталды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Түркістан облысында мас күйде көлік жүргізіп, үш адамның өмірін қиған әйелге сот үкімі шықты. Арыс қаласында болған жантүршігерлік жол апаты қоғамның үлкен талқысына түскен еді. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үйінің ауласында отырған алты адамды мас күйде көлікпен қаққан әйелге сот үкім кесті. Ол 9 жылын темір торда өткізеді. Десе де айыпталушы бүгін сот залынан босап шықты. Сот 52 жастағы әйелді мас күйде көлік жүргізіп, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасағаны және оқиға орнын тастап кеткені үшін кінәлі деп таныды. Үкімге сәйкес, ол өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылады. Бірақ сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.

МАРАТ КҮЗДЕУБАЕВ, СУДЬЯ:
— ҚР ҚК 345-1 бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚК 347-бабында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚР ҚК 58-бабының 2-бөлігіне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Бибінұр Касимовға түпкілікті өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын. Асырауында жас баласының бар болуына байланысты оған тағайындалған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын.

Сот үкімі марқұмдардың жақындарының көңілінен шықпады. Олар: «Үш адамның өмірін жалмап, тағы үш адамның денсаулығына зиян келтірген апат үшін 9 жыл – тым жеңіл жаза», — дейді. Оның үстіне соттың жазаны бір жылға кейінге қалдыру туралы шешіміне де наразы. Сонымен қатар судья жәбірленушілердің моральдық зиян туралы өтінішхаттарын тек ішінара қанағаттандырды. Сотталушы марқұмдардың отбасы мен жәбірленушілерге жалпы 10-15 млн теңгеден, жалпы алғанда 35 млн теңге моральдық шығын өтейді.

АҚАЙША МАНАТОВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:
— Менің бір өзімнің үйімнен үш адам көз жұмды. Келінімнің аяғы ауыр еді. Үш адамның өліміне 9 жыл аз. Оның жаны аман, өзі сау жүр. Сонда әділеттік қайда?! Біз бұған қанағаттанбаймыз, апелляцияға береміз.
Еске салайық, қайғылы жол апаты биыл 6 маусымда Арыс қаласында болған. Тергеу мәліметінше, мектеп мұғалімі мас күйде көлік тізгіндеп, үйдің алдында отырған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан екі бала мен аяғы ауыр әйел қаза тауып, тағы бірнеше адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Сот үкімімен келіспейтінін айтқан жәбірленушілер енді апелляциялық шағым түсірмек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал