Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
«Күлімсі иістен басымыз ауырып, жүрегіміз айниды», – дейді Атырау тұрғындары. Соңғы 2-3 күнде ауаның сапасына шағымданған қала тұрғындары мәселесін тілшілерге жеткізді. Мамандардың айтуынша, ауа құрамындағы күкіртсутек пен көміртегі тотығының мөлшері шекті нормадан асып кеткен. Бұған не себеп? Қаланың ауасын кім ластады?
Тұрғындар бірнеше күннен бері қаланы жағымсыз иіс басқанын айтып, дабыл қағып отыр. Олардың сөзінше, қолқаны қабатын өткір иіс соңғы аптада жиілеген. «Қазір терезе ашудан қалдық», — дейді тұрғындар.
Экология департаменті жел бағыты мен бақылау қорытындыларын саралағаннан кейін ауаны ластаған Атырау мұнай өңдеу зауыты деп мәлімдеді. Енді жан-жақты тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бір апта бойы 600-ден аса сынама алған. «Зерттеу нәтижесі бойынша, талаптардың бұзылғаны анықталды», — дейді мамандар. Ауаға таралған зиянды қалдықтардың тұрғындар үшін қауіпті екенін айтады.
Ал мұнай өңдеу зауыты экология департаментінің мәлімдемесіне келіспейді. «Зауыттың зертханалары алған жүздеген сынамадан шығарындылардың рұқсат етілген мөлшерден аспағанын көрдік», — дейді кәсіпорын өкілдері.
АРМАН ДИМҰҚАШЕВ, МҰНАЙ ЗАУЫТЫ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір зауыт қызметкерлері бұл шығарындылардың Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысы бар-жоғын анықтауда. Қосымша ақпаратты хабарлаймыз. Зауыттағы санитариялық-өндірістік зертханалар да бұл күндері ауа құрамын зерттеді. Жалпы, 100-ден астам сынама алынды. Нәтижесінде, шекті мөлшерден асу деректері тіркелген жоқ.
Атырау мұнай өңдеу зауытына бұған дейін қаңтар айында ауаны ластағаны үшін 520 млн теңге айыппұл салынды. Бірақ кәсіпорын ол айыпқа да келіспей, сотқа жүгінген. Бұл жолы да зауыт экология департаментінің мәлімдемесін жоққа шығарып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.