Жиһазға тапсырыс берген астаналық тұрғындар ақшасын даулап жүр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Үйге жиһаз жасатамын деп тапсырыс берді. Ақшасын да алдын ала төлеп қойды. Бірақ жиһаз да, ақша да жоқ. Енді тапсырыс беруші сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Астананың 19 тұрғыны 25 миллион теңгесін даулап жүр. Жалпы, бұл – көпшілікке ортақ мәселе. Алаяқтың арбауына түскен тұтынушы базынасын кімге айтуы керек?
Жиһазға тапсырыс беріп, ақшасын алдын ала төлегенімен, тапсырысын уақытында ала алмай жүргендер көп. Соның бірі – Астанадағы жағдай. 19 тұрғын үй жабдығын құрастырамын деген қос кәсіпкерге 25 миллион теңге аударған. Ақша да қайтпаған. Жиһаз да жоқ. Іс сотқа жетті.

ДИНАРА ТУКЕЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
— Сотта мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәлілігін дәлелдейтін барлық дәлелдемені ұсынды. Сот үкімімен олардың әрқайсысына 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімінде айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылып, келтірілген залал сотталушылардан өндіріп алуға жатады.

Тіпті сот шешім шығарса да берешегін өтемей жүргендер де жоқ емес. Гүлнар Жабайханова «ас үй бұйымын жасап беремін» деп өлшемін алып, әбден сендірген адамға 1 млн теңгесін ойланбастан санап берген. Әрі күткен. Бері күткен. Армандаған жиһазына ақыры қол жеткізген жоқ.

ГҮЛНАР ЖАБАЙХАНОВА – ЖӘБІРЛЕНУШІ
— «Ол: сотқа берсеңіздер де, оның қандай айырмашылығы бар? Сотқа бересіздер, менің ақшам да, жұмысым да жоқ. Мен сіздерге айына 5-10 мың теңгеден төлеп тұрамын», – деді. Сот ол бізге алты ай бойы ай сайын 180 мың теңгеден төлеуі керек деп шешім шығарды. Осыдан алты ай бұрын ол 180 мың теңге төледі де, қайтадан хабарсыз кетті.

Дәл осындай жағдайда тұтынушы не істеуі керек, өз құқығын қалай қорғауы керек, мамандардан сұрап көрдік.

КАМИЛЛА ДУМЧЕБАЕВА, ЗАҢГЕР:
— Келісімшартқа қол қоймас бұрын компанияның бизнес-сәйкестендіру нөмірін (БСН) немесе жеке кәсіпкердің ЖСН-ін алып, ашық дереккөзден тексеріңіз. Компанияның қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын және салық төлейтінін білуге болады. Егер жеке кәсіпкердің аты-жөні құжаттағы адаммен сәйкес келмесе, бұл алаяқтықтың алғашқы белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ борышкерлер тізілімінен оның қарызы бар-жоғын тексерген жөн.

ҚАРЛЫҒАШ БАЙБАЧЕНОВА, «ЖИҺАЗ ЖАСАУШЫЛАР ГИЛЬДИЯСЫ» ЗТБ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл, ең алдымен, лицензиялау мәселесі. Яғни бұл жағдайда жалғыз шешім – осы салада жұмыс істеуді лицензиялау. Себебі бұл саланы ретке келтірмесе, мұндай тәртіпсіздік ешқашан тоқтамайды. Белгілі бір талап пен нақты критерий керек. Яғни кәсіпкер осы критерийге сәйкес келген жағдайда ғана, салада жұмыс істей алуы тиіс.
Алдын ала төлем жасап, ауызша уәдеге сеніп қалмау үшін, жиһазға тапсырыс берер алдында кәсіпкер туралы ақпаратты мұқият тексерген жөн. Бұл – ақшадан қағылып, тапсырысты күтумен уақыт жоғалтпаудың ең қарапайым жолы. Өйткені мәселе туындаған жағдайда, қолда бар келісімшарт пен төлемді растайтын құжат тұтынушының өз құқығын қорғауына негіз болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал