Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың қабырғасы жарылып жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

«Үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамыз». Ақтөбеде осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болған тұрғындар осылай деп дабыл қағып жатыр. Тоғыз қабатты үйдің қабырғасы жарылып, кей жерлерінде панель ажырай бастаған. Халық енді қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр. Бюджеттен 870 миллион теңге жұмсалып, салынған үйдің неліктен мұндай күйге түскені әзірге белгісіз.
Есет батыр атындағы шағын аудандағы мына панельді үйлер осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Басыбайлы баспанаға қол жеткізген жандардың қуанышы көпке созылмаған. Себебі ақпан айында қабырғалары жарыла бастаған. Қатты жел көтерілсе балконмен терезе қозғалады. Мердігер кемшіліктерді жөндеуге тырысқан. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Себебі саңылаулар уақыт өткен сайын ұлғайып барады.

ГҮЛМӘШ БАЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қол сиятындай жарық болды. Ал бір күні ол құласа не болады? Құдай сақтасын! Біз қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз. Бұл мәселені қозғағанымызға бір аптадан асып кетті. Сәулет құрылысы мен әкімдіктен келді. Бүгін сылап беріп кетеді, ертең ол қайтадан ашылады. Сонда біз өмір бойы үреймен өмір сүреміз бе?

Тоғыз қабатты үйде 36 пәтер бар. Мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұрады. Олардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілуді талап етіп отыр. Өйткені сыр берген баспана үшін олар ай сайын қомақты қаржы төлейді. Мәселен, үш бөлмелі пәтердің ипотекалық төлемі шамамен 90 мың теңге шамасында.

Тұрғындардың айтуынша, көрші екі үйде де осындай жағдай. Олардың барлығын бір мердігер салған. Құрылыс компаниясына ол үшін мемлекеттен 2 миллиард 600 миллион теңге бөлініпті. Жауаптылардың айтуынша ақаулар кепілдік аясында ретке келтіріледі. Ал панельді үйлердің кепілдік мерзімі 50 жылдан асады.

БАУЫРЖАН ЖАНТУРИН, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Үйдің құны – 870 миллион теңге. Ол екі подъезден тұрады. Ғимарат панельді технологиямен салынған. Қазіргі таңда тоғызыншы және техникалық қабатта жарық емес, панельдердің ажырағаны байқалады. Осыған байланысты сарапшыларды шақырттық. Қорытындысынан кейін тиісті шешім қабылданады.
Тексеріс нәтижесі 10 күн ішінде белгілі болады. Айта кетейік, аталған шағын ауданда қабырғасы жарылған бұл алғашқы үй емес. Осыдан үш жыл бұрын мұнда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған екі төрт қабатты үй апатты деп танылған. Салдарынан 50 отбасы басқа баспанаға көшіріліп, ғимараттар бұзылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал