Қазақстанда жаңадан 20 мамандық түрі пайда болады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қазақстанда жаңадан 20 мамандық түрі пайда болады. Бұл – еңбек нарығында нақты сұранысқа ие кәсіп түрлері. Жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысында жұмысшы мамандарын даярлаудың жаңа тәсілдері қарастырылды. Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектіні ескере отырып, қолданыстағы кадр даярлау жүйесін қайта құруды тапсырды. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 60 млрд теңге бағытталған.
Қазақстанда техникалық және кәсіби білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін жаңа модельге көшіру жүргізіліп жатыр. Яғни білім беру мазмұны жаңартылуда. Жаңа модельдің негізгі міндеті – әрбір жасқа еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп беріп, әрбір кәсіпорынды қажетті білікті кадрмен қамтамасыз ету.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру. Осы мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін транформациялаудың жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі бағыттары – кадр даярлауды экономикалық сұранысына бейімдеу, бизнестің қатысуын кеңейту, білім беру мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру.

Еліміз бойынша 480 колледжде жұмысшы біліктілігі бойынша кадр даярланып жатыр. Жалпы білім алушылар саны – 131 мың студент. Биыл жұмысшы мамандығына оқуға қабылдау 57,8 мың студентке артты.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Еңбек нарығына жаңа мамандар қажет. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар қолдауымен 13 колледж жабдықталған. Дегенмен еліміз бойынша 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту қажет.
Мәселен, Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс саласына қазірдің өзінде 37 мыңға жуық кадр қажет. Оның ішінде 16 мың құрылыс саласына, тағы 14 400 өңдеу өнеркәсібіне керек. Бұл жайында Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
— Еңбек нарығындағы сұраныс құрылымы өзгеріп келеді. Цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру жаңа дағдыларды қажет етеді. Осыған байланысты мамандықтар атласында 75 жаңа мамандық айқындалды. Оның ішінде 47 кәсіп тау-кен металлургия кешеніне, 11-і машина жасауда және 17- мамандық құрылыс саласында.

Үкімет отырысында Премьер-министр техникалық және кәсіптік білім беру инфрақұрылымының жай-күйіне де назар аударды. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 70%-дан астамы 40 жыл бұрын салынған. «Ал жаңа заманауи маман жаңа технологияны игеруге бейімделуі қажет», — деді Олжас Бектенов.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Жұмысшы мамандықтарына айрықша назар аудару қажет. Қазіргі таңда кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару жүйелері мен кәсіби деңгейде жұмыс істеп нақты міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялармен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуі тиіс. Қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет.
Премьер-министр тиісті ведомсво басшыларына өңірлердегі қажеттіліктерді ескере отырып, кадрларды даярлау мен сертификаттаудың салалық кластерін құруды да тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал