Алматыда әншілер әндерін Арбаттағы ашық студияда жазып жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Әннің қалай жазылатынын көрдіңіз бе? Алматыда мұны енді сахна сыртынан емес, көшенің қақ ортасынан тамашалауға болады. Арбатта ашық студия жұмыс істеп, танымал әншілер жаңа шығармаларын жұрттың көз алдында жазып жатыр. Ал кездейсоқ аялдаған қала тұрғындары дайын әннің емес, оның дүниеге келу сәтінің куәсі болып мәз.
Әдетте тыңдарман әннің дайын нұсқасын ғана естісе, бұл студияда шығарманың қалай жазылып, өңделетінін көруге болады. Яндекс Музыканың ашық студиясы 20 тамыздан бері Арбатта жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде алматылықтар мен қала қонақтары өнерпаздардың шығармашылық процесін жақыннан тамашалауда. Студияның ең көп күткен қонағының бірі қазақстандық танымал әнші ALEM болды.

ALEM, ӘНШІ:
— Алматының орталығында және жасөспірімдер өте көп жүретін жерде мұндай ашық студияның тұрғаны, меніңше, өте тамаша! Себебі әртүрлі әртіс осы жерде өздерінің демоларын көрсетіп, жаңа әндер жазып шығара алады. Қателеспесем, сыртқа дыбысы естіліп тұрады. Адамдар жұмыстың қалай жүретінін, жалпы процесті сырттай бақылай алады. Егер үлкен студияларға жете алмай жүрген жас музыканттар болса, бұл – жақсы тәжірибе.
Бұл жобаға ALEM ғана емес, қазақстандық танымал орындаушылардың тұтас легі қатысып жатыр. Арбаттағы ашық студия сахнасында Эй-Джей, Қабдол, MDЕЕ, Еңлік, Аяу, ALPHA, AIRY, MORЕART, Лили мен Ильхан өнер көрсетіп үлгерді. Жобаның ерекше қонағы Оңтүстік Кореядан келген K-pop орындаушысы Крич болды. Ол қазақстандық әнші Бонапартпен бірге ән жазды.
Яндекс Музыканың бұл студиясы Алматы Арбатындағы жаңа шығармашылық орталыққа айналды. Кешкісін мұнда сүйікті орындаушыларының өнерін тамашалауға келген жұрттың қарасы көп. Бірі ән тыңдаса, енді бірі шығарманың қалай жазылатынын көру үшін аялдайды. Ашық алаңға барлығы 37 қазақстандық музыкант қатысып жатыр. Олар күндіз көрерменнің көз алдында жаңа музыкамен жұмыс істеп, кешке сахнаға шығып, жанды туындыны ұсынады. Осылайша Арбат 20 қыркүйекке дейін нағыз музыкалық зертханаға айналмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал