Әлемнің бірнеше елінде табиғи апат болды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Тілсіз жау бірнеше елдің тұрғындарын әбігерге салды. Түркияда орман өрті үйлерге жақындап, жүздеген адам эвакуацияланса, Колумбияда мыңдаған гектар орман күлге айналды. Ал Индонезиядағы жанартаудың атқылағанын қызықтап суретке түсірмек болған бес журналист із-түссіз кеткен.
Түркияның Анталья провинциясында орман өрті екінші күн қатарынан өршіп тұр. Жалыннан үш адам зардап шекті. Бес үй жанып кетті. Қатты желдің салдарынан өрт тұрғын үйлерге жақындап, 700-ден астам адам көшуге мәжбүр болды. Көкте үш ұшақ, пен тоғыз тікұшақ су шашса, 110 көлік пен ауыр техника тұтанған шөпті басып тастауға ұмтылды. Оқиға орнында қазір 800-ден астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр.
Ал Колумбияның Абре́го муниципалитетінде 3 мың гектар орман күлге айналды. Бұл үш күн ішіндегі өрттің салдары. Тілсіз жау егістік алқаптары, су жүйелерін зақымдап, туристік нысандарды істен шығарды. Алдын ала мәлімет бойынша, жалын қураған шөпті өртеуден басталған. Билік шығын көлемін анықтап жатыр.
Қытайдың шығысында нөсер жаңбырдан кейін сел жүріп, тұрғын үйлерді басып қалды. Табиғи апаттан 5 адам қаза тауып, жетеуі хабар-ошарсыз кеткен. Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жүргізіп, қауіпті аймақтардағы тұрғындарды көшіріп жатыр. Билік таулы беткей мен өзен арнасына жақындамауға шақырды.
Гавайиде 2-санаттағы «Лоуэлл» дауылы соғып, 60 мыңнан астам тұрғын жарықсыз қалды. Кауаи аралында нөсер жаңбыр мен қатты желден су тасып, жолдар жабылды. Желдің жылдамдығы сағатына 169 шақырымға жеткен. Билік тұрғындарды қауіпсіз жерлерде болуға шақырды. Губернатор Джош Грин төтенше жағдай жариялады.
Жапонияның Нагоя қаласында нөсер жаңбырдан 2 миллион тұрғынды шұғыл эвакуациялау басталды. Бір сағатта 104,5 мм жауын түсіп, көшелерді су басты, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтады. Сёнай өзенінде су тасқыны қаупіне байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жарияланды. Синоптиктер алдағы тәулікте 200 мм-ге дейін жаңбыр жаууы мүмкін екенін ескертті.

Индонезиядағы Анак-Кракатау жанартауы 5 қыркүйекте атқылай бастады. Жанартау күл мен вулкандық қоқысты шығарып, қауіпті аймаққа жақындауға шектеу қойылды. Соған қарамастан жанартаудың атқылауын көзбен көріп, камераға түсірмек болған 8 адамнан хабар жоқ. Олар діттеген жерге қайықпен жетпек болыпты. Бес журналист, екі экипаж мүшесі және гид қызметкерін құтқарушылар іздеп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал