Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ақша сөйлейтін жерде артық сөз жоқ. Астанада әлемдік қаржы алпауыттары жиналып, капиталдың қайда бағытталатынын талқылап жатыр. Қысқасы, бұл күндері жаһандық инвестицияның назары – біздің елде. Astana Finance Days 2026 халықаралық қаржы форумына биыл 90 елден 8 мыңға жуық адам келген. Арасында әлемдегі ең ірі актив иелері де бар.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Астана ақша мен идея тоғысқан халықаралық қаржы алаңына айналды. Триллиондаған долларды басқаратын қаржы алыптары Қазақстанның қай саласына қаржы құйсам деп отыр. Негізгі әңгіме, әрине, инвестиция. Капитал нарығы, қаржы технологиялары, токенизация және тұрақты қаржыландыру да күн тәртібінде.
26 триллион доллар! Әлемдік қаржының осынша көлемін басқаратын компаниялардың өкілдері қазір Астанада жүр. Әдетте олардың есімдері Нью-Йорк, Лондон, Гонконг биржаларымен қатар аталады. BlackRock, Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield – жаһандық активтердің ең ірі ойыншылары бұл жерге кездейсоқ жиналған жоқ. Қазақстан нарығында қандай мүмкіндіктер бар? Триллиондаған доллардың қай бөлігі біздің экономикаға бағытталуы мүмкін? Екі күн бойы инвесторлар мен қомақты инвестициядан үмітті компаниялар осыны талқылайды.
ЖАНБОЛАТ КӘКІШЕВ, «АСТАНА» ХҚО ӘКІМШІЛІГІНІҢ ӨНІМ ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— BlackRock – өте ірі америкалық қор. Олар инвестиция салатын бағыттарды өте мұқият таңдайды. Менің ойымша, инвестқор біздің дата-орталықтарымызға назар аударып отыр. Цифрлық даму министрлігімен талқылап жатқанымыз да осы. Біз Қазақстанның энергетикадағы артықшылықтарын, климатымыздың салқындығын пайдаланып, елімізді дата-орталықтардың астанасына айналдырғымыз келеді. Әрине, бұл BlackRock сияқты ірі инвесторлардың қызығушылығын тудырады. Өйткені олар шетелде де осындай жобаларға инвестиция салып жүр.
Әйтсе де Қазақстан мұнайдан бас тартпайды. Керісінше қара алтынды терең өңдеп, одан көбірек қосылған құн алуға ниетті. Сарапшылардың пікірінше, мұнайды алмастыратын жаңа тауарды дәл қазір табу қиын. Сондықтан инвестицияны мұнай-химия, полимер өндірісі сияқты өңдеу салаларына бағыттау маңызды. Бұл бағытта нақты жобалар да бар. Мәселен, Masdar компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға шамамен 1 миллиард доллар инвестиция құйып жатыр. Ал жаңа инвесторлар арасында Гонконгтың инвестициялық қоры Қазақстан нарығына қызығушылық танытқан. Тараптар бүгін-ертең қор үшін ел экономикасының қай секторлары тартымды екенін талқылайды. Ал кейбір инвесторлар үшін соңғы кезде креативті индустрия саласы қызық.
ОЛЕГ ХУСАЕНОВ, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Бізді Қазақстандағы талантты жастар қызықтырады. Яғни өз білімі мен қабілетінің арқасында компания құра алатын жігіттер мен қыздарға инвестиция салу – біздің негізгі бағытымыз. Негізінен, жеңіл активті компанияларға инвестициялаймыз. Қазақстанның пайдалы қазбаларынан гөрі, осындай жаңа компаниялар мен стартаптардың пайда болуы көбірек қызықтырады.
Айтпақшы, қазақстандық жобаларға шетелдік инвесторлардың цифрлық активтер арқылы қаржы салуына мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қазақстанға шетелдік цифрлық активтер биржалары мен провайдерлері келіп, бірқатары лицензия алып үлгерсе, енді бірі рұқсат алу сатысында.
АЛТАЙ СЛӘМОВ, «АСТАНА» ХҚО КОМИТЕТІ БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазақстандық стартаперлердің цифрлық активтер саласында ашып жатқан бизнестеріне шетелдік инвесторлар ақша құяды немесе акцияларын сатып алады.
Қазақстан үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі әлемдік қаржы алпауыттары картадан біздің елді танып қана қоймай, оның нарығын, мүмкіндігін және инвестициялық жобаларын талқылайды. Astana Finance Days өткізілген 9 жылда Астана халықаралық қаржы орталығы елге 26 млрд доллар инвестиция тартуға септік еткен.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.