Енді депутаттар Құрылтай мінберінен жақындарын туған күнімен құттықтай алмайды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Енді депутаттар Құрылтай мінберінен жақындарын туған күнімен құттықтап, тілек айта алмайды. Яғни депутат этикасын бұзғандар жазаланады. Бүгінгі отырыста қабылданған Құрылтай регламентінде депутат әдебі тайға таңба басқандай жазылған. Ережеде Құрылтай жұмысын ұйымдастыру, отырыстар, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу тәртібі, заң шығару процесі мен депутаттық бірлестіктердің қызметі айқындалды.
Құрылтайдың алғашқы отырысы. Депутат орындығына енді ғана отырған су жаңа депутаттар үшін аса маңызды күн. Құрылтай алдымен жұмыс жоспарын бағамдап, тиісті Регламентті қолға алды. Онда бір Палаталы Құрылтай жұмысы үшін қажеттінің бәрі жазылған. Регламент жобасын отырыста депутат Снежанна Имашева таныстырды. Оның айтуынша, құжат барлығы 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады. Мәселен, жаңадан қабылданған Құрылтай регламенті мен заңнамаға сәйкес, Үкімет мүшелері мен әкімдер депутаттық сауалдарға бір ай ішінде жауап беруге міндетті.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Депутат сауал жолдағаннан кейін лауазымды тұлға бір айдың ішінде жауап беруге міндетті. Жауапты қолына алған депутат жауаптың толықтығына қарайды, егер белгілі деңгейде көңілінен шықпайтын болса, лауазымды тұлғаны шақыртып алып, мазмұны бойынша түсінік алуға, талқылауға құқығы бар.
Құрылтайға квазимемлекеттік сектор мен тиісті компаниялардың басшылары шақырылатын болды. Яғни шенділер енді Құрылтай алдында жүрдім-бардым жауап бере салмайды деген сөз. Депутат сауалдың жауабын жеткіліксіз санаса, Құрылтайға шақырлып, ортаға алынады. «Бұл атқарылып жатқан жұмыстың нәтижелілігіне қол жеткізу үшін қажет», — дейді Үнзила Шапақ. Кезекті сессиялар аралығында депутаттар өз өкілеттіктерін жүзеге асырады. Атап айтқанда, заң шығару бастамасы құқығын іске асырады, заңдарға түзетулер әзірлейді және сайлаушылармен жұмыс істейді.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— ҚР Құрылтайының регламентінде әр депутат бір маусымда екі рет елге шығып, тұрғындармен, еңбек адамдарымен түрлі сарапшымен кездесулер өткізу қарастырылған. Бұдан басқа арнайы цифрлық платформалар арқылы да байланыс орнайды. Құрылтай депутаттары осылайша сайлаушылар үніне құлақ асады.
Жаңа регламентте депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда депутатқа қандай жаза қолданылатыны да жазылған. Парламент қабырғасында анасын туған күнімен құттықтаған депутаттың әрекеті енді қайталанбай ма деген журналист сауалына Құрылтай отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында депутат Снежанна Имашева жауап берді.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
Бұл жағдай тікелей регламентпен бекітілген. Тек Құрылтайға қатысты сұрақтар көтерілу керек. Құрылтай мінберінен туыстарын құттықтауға болмайды. Бұл нақты регламентте жазылған. Этикаға жауап беретін кеңес бұл мәселелерді қарайды.Тиісті жазасын береді.
Тіпті жалақыдан да айыру, отырыс залынан шығарып жіберу мүмкін. Ал этикаға байланысты өрескел бұзушылық болса, депутат мандатынан айыру. Бұл туралы шешім Құрылтай Төрағасы мен Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал