Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Смартфонға келген бір хабарлама. Бір сілтеме. Бір құпия сөз. Осылардың өзі кейде алаяққа керек ақпараттың бәрін беріп қоюы мүмкін. Ақшаңыздан айырылып қалу былай тұрсын, жеке мәліметіңіз де бөтеннің қолына түседі. Халықтың кибермәдениеті мен цифрлық білімін арттыру үшін елімізде қыркүйек киберқауіпсіздік айы деп жарияланды. Науқан «CYBER STEPPE» конференциясымен басталды.
Интернетке кірмейтін адам қазір аз. Бірақ бәрі бірдей кибертазалықты сақтайды деу қиын. Цифрлық даму министрлігі бұл олқылықтың орнын толтырмақ. Бір ай бойы елдің барлық өңірінде кибергигиенаға қатысты түрлі іс-шара өтеді. Яғни жұртқа интернетті қалай қауіпсіз пайдалануға болатыны түсіндіріледі. Күмәнді сілтемені ашпау, бейтаныс адамға келген кодты айтпау, құпиясөзді қорғау сияқты қарапайым ережелерді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жатқа білуі керек.
Интернеттегі қауіптің түрі де, оны жасайтындардың тәсілі де өзгеріп жатыр. Бұрын алаяқтың сөзіне күмән келтірсек, қазір жалған хабарламаны, сайтты, тіпті адамның дауысын да айнытпай жасауға мүмкіндік бар. Сондықтан сақтық бұрынғыдан да маңызды.
ЕВГЕНИЙ ПИТОЛИН, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МАМАНЫ:
— Сақтық дегеніміз – өзіңіз оңай есте сақтайтын күрделі құпиясөз қолдану, маңызды деректердің көшірмесін жасап қою. Қауіпсіз емес жерде жүрсеңіз, VPN арқылы қорғалған Wi-Fi пайдаланған дұрыс. Жалпы, қай сайтқа кіріп жүргеніңізге, не көріп отырғаныңызға, қандай сілтемені басатыныңызға мұқият болу керек.
Мамандардың айтуынша, интернеттегі қауіпсіздік қиын нәрсе емес. Ең бастысы – асықпау. Банк қызметкерімін деген адам хабарласты ма? Құпия кодты айтпаңыз. Таныс адамның атынан ақша сұрады ма? Алдымен, өзіне хабарласып, анықтап алыңыз. Күмәнді сілтеме келді ме? Ашпай-ақ қойған дұрыс. Өйткені алаяқтар адамның қорқып қалғанын немесе асығып тұрғанын пайдаланады. Киберқауіпсіздік айлық науқанмен шектелмейді. Оны күнделікті әдетке айналдыру қажет. Қыркүйек бойы өтетін шаралардың мақсаты да осы. Халықтың интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.