Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Сүйінші! Мұқиттің арғы жағынан қуанышты хабар жетті. Елена Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының әлемдік рейтингін бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл жеңісті Қазақстан көптен күткен еді.
Бүгін қазақ елі үшін тарихи күн. Елена Рыбакина үздік атанып, әлемдік рейтингінде көш бастады. Ол АҚШ-та өтіп жатқан теннис чемпионатында қытай спортшысы Чжэн Циньвэньмен бәсекеге түсіп, жартылай финалға шықты. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев та спортышыны жетістігімен құттықтады.
ЕЛЕНА РЫБАКИНА, ТЕННИСШІ:
— Бұл – мен үшін үлкен тарих. Сондықтан Қазақстанның намысын қорғап жүргенімді әрдайым мақтан тұтамын. Елге келген сайын, қай қалаға барсам да, корттардан көзі жайнаған балаларды көремін. Қазір тенниске келіп жатқандар өте көп. Саған қарап бой түзейтін жастардың барын сезіну керемет бақыт. Бұл өзіңе сеніп, аянбай еңбек етсең, кез келген белесті бағындыруға болатынын көрсетеді.
WTA рейтингінде көш бастау – Елена Рыбакина үшін мансабындағы тағы бір жарқын белес. Бүгінде оның қоржынында жекелей сында бағындырған 13 титулы бар. Бұған қоса, «Үлкен шлем» турнирлерінде екі дүркін чемпион атанған. Биыл қазақстандық теннисші «Australian Open» бәсекесінде де үздік шықты. Жалпы, отандық спортшы үшін бұл маусым өте сәтті өтуде.
САБИ БАЙБОСЫНОВ, ЖУРНАЛИСТ:
— Жыл соңына дейін Елена кем дегенде екі мың, тіпті үш мыңға жуық ұпайын сақтап қалуға тиіс. Кеше түнде бәрін өзім есептеп шықтым. Негізі қыркүйек және қазан айларында Ленаның көшбасшылық орнын жоғалтып алуына еш негіз жоқ, уайымдаудың қажеті шамалы. Бірақ кейін қорытынды турнирде үлкен сын күтіп тұр. Егер ол бұл бәсекеде өткен жылғыдай сәтті өнер көрсетсе, маусымды әлемнің бірінші ракеткасы болып аяқтауға толық мүмкіндігі бар.
Қазақстан теннис федерациясының өкілдері де бұл жетістікті ұзақ жылдар бойы күткенін айтады. Мамандар спортшыға үлкен сенім білдіргенін де жасырмады.
Бүгінде Қазақстанда 17 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты түрде айналысады. Жыл сайын елімізде 250-ден астам турнир өтеді. Ойыншылар шеберліктерін арттырып, соған сай бәсекелестік те күшейе түсті. Теннис федерациясы бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортына басымдық беріп, инклюзивті бағытты да дамытуда. Сонымен қатар бұл спорт түрі бірте-бірте қолжетімді болып келеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.