Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
АҚШ халқы 11 қыркүйектегі теракт құрбандарын еске алып жатыр. Әлемді дүр сілкіндірген оқиғаға биыл – 25 жыл. Ал Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнай нарығына соққы болып, қара алтын бағасы күрт өсті. Йемендегі хуситтердің Қызыл теңіздегі ықпалын күшейтуі әлемдік мұнай тасымалына қатысты алаңды арттырды.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты мұнай бағасы күрт қымбаттады. Brent маркалы мұнайдың баррелі 108 доллардан асып, бір күнде 5,8 пайызға өсті. Ал америкалық WTI мұнайы мамырдан бері алғаш рет 100 долларлық межеден өтіп, 103 долларға жетті. Сарапшылар бағаның өсуін өңірдегі танкерлерге жасалған шабуылдардың жиілеуімен байланыстырады. Йемендегі хуситтердің Мока портын бақылауына алуы Қызыл теңіз арқылы өтетін мұнай тасымалына да қауіп төндірді. Бұған қоса, әлемдегі маңызды мұнай жолдарының бірі саналатын Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы шектеліп отыр.
Йемендегі хуситтер Қызыл теңіздегі әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды тағы бір бағытқа бақылау орнатты. Әскери дереккөздердің мәліметінше, олар Мока портты қаласын басып алып, Баб-эль-Мандеб бұғазындағы ықпалын күшейткен. Бұл – Қызыл теңіздің оңтүстігіндегі стратегиялық теңіз жолы, яғни әлемдік жүк тасымалы үшін маңызды дәліздердің бірі. Хуситтер Ханиш аралдарына да шабуыл жасап, олардың екеуіне жеткен. Егер қозғалыс бұғазды толық бақылауына алса, мұнай тасымалы тағы бір ірі бағытта шектелуі мүмкін. Бұл әлемдік нарықтағы қара алтын бағасын одан әрі қымбаттатуы ықтимал. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп соғыс аралық сайлаудан кейін аяқталады деп күтетінін мәлімдеді.
Нью-Йорк аспанында 11 қыркүйек құрбандарына арналған ерекше еске алу шарасы өтті. Терактілердің 25 жылдығына орай жүздеген дрон Манхэттен үстіне көтеріліп, бір сәтке егіз мұнаралардың сұлбасын қайта жасады. Аспандағы 2977 жарықтың әрқайсысы 2001 жылғы қасіретте қаза тапқан адамның өмірін бейнеледі. Марқұмдардың туыстары бұл көріністі ауыр қасіретті ұмытпауға шақырған үнсіз тағзым деп бағалады. Ал Бруклинде тұрғындар қаза тапқан құтқарушылардың рухына арнап шам жағып, олардың ерлігін еске алды. Бүгін Нью-Йорктегі 11 қыркүйек мемориалында құрбандарды еске алуға арналған негізгі рәсім өтеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.