БҚО-да оқушылар мектеп ауласында көкөніс пен гүл өсіреді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Тазалық тек сенбілікпен шектелмейді. Батыс Қазақстан облысында оқушылар табиғатты қорғауды мектеп ауласындағы шағын бақтан бастап үйреніп жүр. Балалар көкөніс, жеміс-жидек пен гүл егіп, оны күтіп-баптайды. Ал еңбектің жемісі мектеп асханасына жіберіліп, мұқтаж отбасыларға да таратылады.
Алдымен тұқым себіледі, кейін алғашқы өскін пайда болады, бірнеше айдан соң мол өнім жиналады. Батыс Қазақстан облысында экологиялық тәрбие балаларға теориямен емес, тәжірибе арқылы үйретіліп жатыр. Өңірдегі ондаған мектепте арнайы оқу-тәжірибе учаскелері жұмыс істейді. Мұнда оқушылар өсімдік отырғызып, оны күтіп-баптап, табиғатқа ұқыпты қарауды меңгереді.

ИНЕССА ОРТ, ПЕДАГОГ:
— Әр мектепте балалар өсімдіктердің тұқымын, олардың қалай өсіп-өнетінін тәжірибе жүзінде үйренуі үшін арнайы оқу-тәжірибе телімі бар. Мұнда оқушылар өсімдікті қалай отырғызу керек екенін, оны қалай күтіп-баптауды және барлық агротехникалық жұмыстарды іс жүзінде меңгереді.

Мұндай оқу учамкелері облыстың барлық ауданындағы мектептерде бар. Балалар мұнда тек өнім өсіруді ғана емес, суды үнемдеуді, еңбекті жоспарлауды және жауапкершілікті үйренеді. Мәселен, Бөрлі ауданындағы 17 мектепте тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Бұл тәсіл суды аз жұмсап, жұмысты да жеңілдетеді.

Жиналған өнім де кәдеге жарап жатыр. Көкөніс пен жеміс-жидектің бір бөлігі мектеп асханасына жіберілсе, енді бірі әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға таратылады. Ал экологиялық-биологиялық орталықтың тәрбиеленушілері өсірген өнім шағын хайуанаттар бағындағы жануарлардың азығына пайдаланылады.

МАКАР МУЧЕВИЧ, ОҚУШЫ:
— Мен өсімдіктерге күш-қуатымды, эмоциямды саламын. Кейін соның нәтижесін көргенде ерекше қуаныш сезінемін. Жеміс алу үшін қаншама еңбек пен уақыт жұмсалғанын сезінесің, сол еңбектің нәтижесін көру ерекше әсер береді.

Былтыр осы телімдердің бірінен ғана 200 келіге жуық асқабақ жиналған. Биыл өнім көлемі 300 келіге дейін жетеді деген жоспар бар. Осылайша «Таза Қазақстан» акциясы аула тазалаумен ғана шектелмей, балалардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын және өз еңбегінің нәтижесін бағалай білуді қалыптастырып келеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал